ШҚО-да 1 қазаннан бастап электр қуаты бағасы қымбаттайды

301
көрілім

2019 жылы тұтынушыларға айтылған уәдеге қарамастан «Шығысэнерготрейд» ЖШС орташа тариф бағасын қымбаттатпақ, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Еске сала кетсек, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифтер төмендеген еді. Сол кезде «Шығысэнерготрейд» қызметкерлері электр қуатын тұрмыстық пайда үшін қолданатын тұлғаларға 9,719 теңге кВт/сағатына яғни 6,5%-ға арзандайтынын мәлімдеген.

Сонымен қатар, 2018 жылдың 14 желтоқсанында Энергетика министрлігі электр қуатының бағасына қатысты белгіленген тариф көлемі 2025 жылға дейін өзгермейтінін хабарлады.

Өткен аптада «Шығысэнерготрейд» қызметкерлері ЖШС 1 қазаннан бастап тариф бағасы қымбаттайтынын айтты.

– 2018 жылы шекті көлем кВт/сағатына 11,785 теңге болған. Осы жылдың басында өз еркімізбен 11,392 кВт/сағ.-на төмендеттік. Тек заңды тұлғалар үшін ол баға өзгермеді. Бірақ ШҚО-да күз және қыс мезгілдерінде электр энергиясын көп тұтынуға байланысты «Шығысэнерготрейд» ЖШС Екібастұз ГРЭС-нен қосымша электр қуатын сатып алуға тура келеді. Осының салдарынан компания шығыны 1 млрд.теңгеге жетті. Барлық станциялар уақытылы төлемді талап етеді. Сондықтан 2018 жылғы төлем бағасына 11,642 теңгеге қайта оралуға мәжбүрміз, – дейді бас директордың орынбасары Айнаш Абдульманова.