ШҚО-да 281 мың адам 42 500 теңгеден алды

296
көрілім
Шартты фотосурет

Өңірде 281 мың адам ең төменгі жалақы мөлшеріндегі әлеуметтік төлем алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, «Біз Біргеміз!» акциясының бірінші кезеңінде өңірдің 29 мыңнан астам тұрғынына 1,5 миллиард теңге көлемінде көмек көрсетілген. Сондай-ақ сәуір айында 77 мың адамды азық-түлікпен, тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлінді.

– Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлемнің тағайындалуы біздің ерекше бақылауымызда. Қазіргі уақытта бұл ақшалай көмек 281 мың шығысқазақстандыққа берілген. Ең төменгі жалақы мөлшеріндегі әлеуметтік төлемге өтініш e-gov.kz, 42500.enbek.kz, VKO42500Bot телеграм-бот сынды бірнеше қызметтер арқылы қабылданды, - дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, «Қазпочта» АҚ облыстық филиалының барлық бөлімшелерінде, қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту орталықтарында 42 500 теңгеге өтініш беру тәртібі рет-ретімен көрсетілген ақпараттық стендтер орнатылған.

– Азаматтарға жедел қызмет көрсету мақсатында облыстағы екінші деңгейлі банктер мен пошта бөлімшелері мамандарының саны 1,5 есеге көбейтілді. Сонымен қатар олардың жұмыс уақыты еш демалыссыз күн сайын 8.00-ден 21.00-ге дейін ұзартылды, – дейді Жасұлан Сәрсебаев.