ШҚО-да 2 әуежай қайта жаңартылады

289
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында 2 әуежай қайта жаңартылмақ, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Облыстық Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2019 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Өскемен қаласы мен Үржар ауданының орталығындағы әуежайларды қайта жаңарту мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. 2020-2022 жылдары аралығында іске асатын бұл жобаға 15,3 млрд теңге бөлінеді.

- Өскемен әуежайындағы ұшу-қону жолағы 2800 метрге дейін ұзартылады. Ал Үржардағы әуежай қосымша тағы 2100 метрге дейін созылмақ. Нәтижесінде бұнда үлкен ұшақтар емін-еркін қона алатын болады. Сондай-ақ уақытша сақтау қоймалары, жүк терминалы салынып, әуе кемесінің тұрағы кеңейеді. Әуежайда жылу жүйесі ауыстырылып, резервтік электрлік қуаттандыру жүзеге асырылады, - деп хабарлады басқарма мамандары.

Биыл тек облыс орталығындағы әуежайда құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілмек. Әуежайдың жұмысы режимінде әзірге еш өзгеріс болмайды. Негізгі жұмыс 2021 жылы басталады. Сол кезде барлық рейстер кешкі және түнгі кезеңдерге ауыстырылады.

- Күндіз қайта жаңарту жұмыстары жүргізілсе, кешке қарай әуежайдан жолаушылар сапарға аттанатын болады. Әуежайдың жұмысы тоқтатылмайды – делінген мәліметте.