ШҚО-да 30 отбасы Тұңғыш Президент күні қарсаңында баспаналы болды

3611
көрілім

Өскемен қаласында Тұңғыш Президент күні қарсаңында 30 отбасыға баспана берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Өскемендегі 30 отбасы қоныс тойын тойлауда. Оларға көптен күткен пәтер кілттерін ШҚО әкімі Даниал Ахметов салтанатты түрде табыс етті. – Баршаңызды келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осындай жарқын мерекеде баспаналы болып жатқан барлық отбасыларға береке-бірлік тілеймін. Қоныс құтты болсын!, – деді аймақ басшысы.

Отыз отбасының ішінде көпбалалы жанұялар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, үй кезегінде тұрған басқа да әлеуметтік осал топтағылар бар. Солардың бірі – жеңіл атлетикадан Паралимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Ольга Демченко. Ал төрт баланың анасы Меруерт Мұқұшева «балаларымның арманы орындалды» дейді.

– Бүгін біз үшін қуанышты күн. Пәтерімізді көптен күттік. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында өз баспанамызға қолымыз жетті, - деді ол қуанышын жасыра алмай.

Айта кетейік, биыл шаһардағы 200-ден астам отбасы «Жалдамалы тұрғын үй», «Бақытты отбасы» бағдарламалары аясында баспаналы болған.