ШҚО-да 30-ға жуық тіркелмеген қару тәркіленді

296
көрілім

ШҚО-да өтіп жатқан «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында заңсыз айналымнан тіркелмеген 28 қару тәркіленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша 1 қыркүйек пен 1 желтоқсаны айы аралығында облыс аумағында ауқымды «Учаске» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Учаскелік инспекторлар тұратын адамдар туралы мәліметтер алу үшін өз учаскелерінде пәтерлер мен аулаларды аралап, азаматтардың тіркелуін тексеруде.

Іс-шараның екі айында көп қабатты үйлердің 247 000-ға жуық пәтерін, 190 000-нан астам жеке үй мен 40 079 саяжай үйін аралау жүзеге асырылып, 4 000-нан астам жалдамалы пәтер тексерілді. Салық органдарына тіркеусіз тұрғын үйді жалға берудің 477 фактісі анықталды. Барлық фактілер бойынша ақпарат аталған тұрғын үй иелеріне шара қолдану үшін Мемлекеттік кірістер департаментіне жолданатын болады.

ІІО-да есепте тұрған 34 000-нан астам азамат тұрғылықты жері бойынша тексерілді.

- Түрлі құқық бұзушылықтар үшін 28 800-нан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ата-аналардың балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін (ҚР ӘҚБтК 127 – бабы)-100, ұсақ бұзақылық үшін (ҚР ӘҚБтК 434 – бабы) - 1 408, ортақ пайдаланатын орындарды ластау бойынша (ҚР ӘҚБтК 434-2-бабы) - 2 305, алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу (ҚР ӘҚБтК 440-бабы) - 6 080, - делінген мәліметте.

Азаматтық атыс қаруының жеке иелерін оны сақтау ережелерінің сақталуын тексеруге ерекше назар аударылды. 11 700-ден астам азаматтық қару иелері тексерілді. Сондай-ақ заңсыз айналымнан тіркелмеген атыс қаруының 28 бірлігі тәркіленді.

Тәртіп сақшылары тұрғындар мен облыс қонақтарынан жедел профилактикалық іс-шараға түсіністікпен қарауды сұрайды, өйткені оның басты міндеті облыс тұрғындарының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.