ШҚО-да 746 түлек «Алтын белгі» иегері атанды

357
көрілім
Шартты фотосурет

Өңірде 8204 оқушы мектеп бітірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.

- Қымбатты түлектерді, құрметті ұстаздар мен ата-аналарды оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! Ел тарихында алғаш рет карантин жағдайында онлайн форматта соңғы қоңырау мерекесін өткіздік. Биыл облыс бойынша 8204 оқушы өмірінің жаңа кезеңіне аяқ басқалы отыр. Оның ішінде 746 «Алтын белгі» және 447 үздік аттестат иегерлері бар. Халықаралық, республикалық зияткерлік турнирлердің жүлдегерлері, ғылыми конкурстардың жеңімпаздары атанған түлектерімізді зор мақтанышпен шығарып саламыз. Бүгіннің өзінде ШҚО-ның ең талантты оқушылары еліміздің және әлемнің беделді оқу орындарынан шақырту алды, - дейді әкім.

Оның айтуынша, ұстаздар мен ата-аналардың үздіксіз еңбегінің арқасында қашықтан оқыту жағдайында 4 тоқсан лайықты деңгейде аяқталып отыр.

– Осы ретте сіздерге ерекше алғысымды білдіргім келеді. Ешкімге оңай тимеген бұл кезеңде балаларымызға көрсеткен қолдауымыз, танытқан түсіністігіміз, білдірген сеніміміз олардың жігер-қайратын мықтап, болашағының берік іргетасын қалайды, – деді Даниал Ахметов.