ШҚО-да ҚАЖД жас қызметкерлері ант қабылдады

596
көрілім

Өскеменнің ең биік шынында қылмыстық-атқару жүйесінің жас қызметкерлері Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Әнұран шырқап, ант қабылдады.

Бүгін салтанатты түрде Қылмыстық-атқару жүйесінің 30-ға жуық жас қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттеріне адал болуға ант берді.
Жас мамандар Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында адал қызмет етуге, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ант беріп, алғашқы шендерін алды.
Жаңадан қабылданғандарды ШҚО бойынша ҚАЖ Департаменті бастығының орынбасары Ғалымжан Балтабаев құттықтады. Нағыз кәсіби маман болып, сенімін ақтауларына тілектестігін білдірді. Жас қызметкерлерді құттықтаған полковник мырза қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыспен күресу, ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдау үшін антқа адал болып, қызметтік борышын адал атқару керектігін атап өтті.
– Бұл – Отанға деген сүйіспеншілікті жүрегінде сақтап, еліміздің негізгі заңында белгіленген қағидаларға берік екенін күнделікті еңбегімен дәлелдейтіндердің мерекесі. Ішкі істер органдары қызметкерінің міндеті – құқықтық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Отанымызға деген сүйіспеншілік пен мемлекеттік рәміздерге деген құрмет заманның кез келген қиындықтары мен сын-қатерлерін еңсеруге мүмкіндік береді. Әрқайсыңыз мемлекетіміздің одан әрі гүлденуі мен әл-ауқаты үшін бар күш-жігеріңізді салатыныңызға сенімдімін, – деді Ғалымжан Балтабаев.
«Ант беру менің өмірімдегі өте маңызды сәт. Осындай атаулы күнде орын алуы маған одан да үлкен жауапкершілік жүктейді. Ішкі істер органдарына қызметке келгенімді мақтан тұтамын. Әрине, бұл үлкен сенім, басшылық пен азаматтардың сенімі. Үлкен жауапкершілікпен келе отырып, берілген тапсырмаларды орындауға тырысамын. Және де абыроймен қызмет ету», – дейді ШҚО бойынша ҚАЖД ОВ 156/22 мекеме қызметкері Іңкәр Сейітқамза.
Айта кету керек, шолу алаңы – мемлекеттік рәміздер орналасқан өңірдегі ең биік жер – Өскеменнің кез келген жерінен анық көрінетін Қазақстан тауы. Таудың баурайында алты метрлік әріппен «ҚАЗАҚСТАН» сөзі жазылған, егемендігі мен болмысын танытатын мемлекеттік ту асқақ биікте желбірейді. Бір айта кетерлігі, осынау шуақты күнде қаланың әр түрлі мектептерінен келген кішкентай өскемендіктер бұл көріністі тамашалап, салтанатты шараның куәсі болды, олар да патриоттық сезіммен жүректеріне қолдарын қойып, еліміздің әнұранын мақтанышпен шырқады.
Балалардың көздеріндегі шынайы қуаныш анық байқалды. Әсіресе ұл балалар естелік ретінде суретке түсіп, офицерлік қалпақты үлкен қызығушылықпен киіп көрді. Мүмкін олар белгілі бір уақыттан кейін тәртіп сақшыларының қатарына қосылатын шығар.