ШҚО-да алдағы үш жылда 89 елді мекен ауызсумен қамтылмақ

1040
көрілім

Өңіріміздің сегіз ауданындағы 89 елді мекен алдағы үш жылда ауызсумен толықтай қамтылмақ. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында мәлім болды. Мұның ауызсуға жарымай отырған ауыл тұрғындары үшін көңіл қуантарлық жайт екені де рас. Ал үш жыл мерзім дегеніміз – қырқа астында ғана тұрған уақыт, әне-міне дегенше келіп жетері анық. Дегенмен, ауылдықтардың үмітінен күдігі басым! Тартылатын ауызсу алдағы уақытта кімнің көңілін жарқын қылмақ? Кімнің ауласына келіп, кім сусыз қалмақ? Осы тұрғыда бас ауыртып, балтыр сыздатқан мәселенің мән-жайын анықтау үшін Бұқара.кз сайтының тілшісі ауызсумен қамтылуы мардымсыз аудандарға хабарласып көрді…

Бүгінгі таңда ауызсумен қамтылудың облыстағы орташа көрсеткіші 44,2 пайызды құрайды. Әрине, елу пайыздың қарасы жоқ мардымсыз көрсеткіш. Дегенмен, бұл деңгей өңірімізде осы бағыттағы жұмыстардың жүргізілмей жатқанының көрсеткіші емес. Ауыл тұрғындарын ауызсумен толықтай қамтып жатқан аудандарымыз да жоқ емес. Десек те, бірқатар аудандар көшке әлі де ілесе алмай, көрсеткішке кері әсер етуде. Анықтап айтсақ, қазіргі уақытта Аягөз, Бесқарағай, Жарма, Көкпекті, Күршім, Ұлан, Үржар және Тарбағатай сынды аудандарымызда бұл жұмыс толық деңгейде қолға алынбай отыр. Аталған сегіз ауданындағы елді мекендердің ауызсумен қамтылу деңгейінің мардымсыз екендігін алға тартқан облыс әкімі Даниал Ахметов 2020 жылға қарай жағдайды қалпына келтіруді тапсырды.

Тарбағатай ауданы бойынша

Бүгінгі таңда Тарбағатай ауданына қарасты 60 елді мекеннің 19-ына (31,7%) құбыр тартылып, аудан халқының 69 пайызы ауызсумен қамтылған.

Биылғы жылы ауданда бір су құбырлары желісінің құрылысы, үш қайта жаңғырту жұмыстары, 7 ұңғыма үстіне павильон салу құрылыстары жүргізіліп жатыр, – дейді газет редакциясына ресми хатпен жауап берген Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Асхат Смаилов. – Аталмыш жұмыстар аяқталса, 2018 жылдың бірінші қаңтарында ауданның Жетіарал, Жаңалық, Тана мырза, Қожакелді, Көктүбек, Тәуке, Көкбастау, Сұлутал, Қарой сынды ауылдарда ауызсу құбырлары жаңадан қосылып, аудан тұрғындарының ауызсумен қамтылған халқының саны 77,3 пайызға жетеді. 2019 жылдың қаңтарында бұл көрсеткішті 86,8 пайызға жеткізіп, ауданның Үштөбе, Сәтпаев, Екпін, Шеңгелді, Сарыөлең, Серіктес және Шорға ауылдарында жаңа су құбырларын қосамыз.

Лауазымды тұлғаның айтуынша, әлеуеттері төмен және тұрғындарының саны 100 адамнан кем елді мекендерге су тартылмайтын көрінеді.

Сондай-ақ, 2019-2020 жылдары жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындау ауыл халқының санына, даму әлеуеті мен облыстық бюджеттен қаржының бөлінуіне қарай жүзеге асырылатын болады, – деді Асхат Сайдахметұлы.

Ұлан ауданы бойынша

Ұлан ауданы бойынша 2017-2020 жылдары Сағыр, Герасимовка, Украинка, Тарғын, Бозанбай, Асубұлақ, Айыртау, Каменка, Жаңа Қанай, Гагарино және Саратовка ауылдарында ауызсу құбырлары тартылмақ. Бүгінгі таңда жұмыс тобының құрылғанын алға тартқан Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Дулат Қажанов оған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің, «Молодежный» КММ, «Коммунальник» КММ, «Жемчужина» ЖПИК және аудан әкімі орынбасарының енгізілгенін айтады.

Қазіргі уақытта Мамай батыр ауылына жалпы құны 272,8 миллион теңгеге ауызсу құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді Дулат Зайсанбекұлы. – Ал алдағы уақытта жоспарланған ауызсу құбырларын тарту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары болмағандықтан, әзірге қаржы сомасы белгісіз. Қазіргі таңда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Сағыр, Герасимовка және Украинка ауылдарына тартылатын ауызсу құбырларының жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындау шараларын жүргізуде.

Аягөз ауданы бойынша

Қазіргі уақытта Аягөз ауданы бойынша ауылдардың ауызсумен қамтылу деңгейі 93,2 пайызды құрап отыр. Жағдайды жақсарту үшін жергілікті әкімдік 2020 жылға қарай ауданның Ай, Қопа, Өркен, Ақшәулі, Қорық, Дөненбай, Байқошқар, Кеңқолат, Ескі Майлин елді мекендеріне ауызсу құбырларын тартпақ ниетте.

Аталған елді мекендерге ауызсу құбыры құрылысының жұмыстарын 2018-2020 жылдар аралығында жүргізу жоспарланған, – дейді Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Нүкібаев. – Ал бұл ауылдарға тартылатын ауызсу құбырлары жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірге дайын болмағандықтан, олардың құнын айту қиын. Ал қазіргі уақытта Ай, Қопа, Өркен, Ақшәулі және Дөненбай ауылдарының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

***

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жасасақ, алдағы үш жыл көлемінде Аягөз ауданының – 9, Тарбағатай ауданының – 16, Ұлан ауданының – 11 елді мекені ауызсумен толық қамтылмақ. Ауылдарға тартылатын ауызсу құбырларының әзірге жобасы жоқ, қаржысы белгісіз болғанымен жұмыстары біртіндеп басталып жатыр. Алайда, ертеңгі күннің еншісіне тиесілі жұмыстар әлі де бірнеше қайтара қаралуы ықтимал. Қалай десек те, қолға алынған іс соңына жетері анық, енді тек оған деген басшылықтың назары оңды болса болғаны.