ШҚО-да аймақтың дамуына жастардың қосқан үлесі талқыланды

655
көрілім

Өскемен қаласында «Қайратты жастар» облыстық фестивалі аясында жастар ісі жөніндегі комитет форумы Meetup форматында өтті. Аталмыш шараға университеттер мен колледждердің жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары, аймақтық кәсіпорындардың, жастар ұйымдарының және ресурстық орталықтардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Шығыс Қазақстан жастары өңір халқының төрттен бір бөлігін құрайды. Облыста 32 жастар қоғамдық ұйымы, 20 жастар ресурстық орталығы мен 64 жастар ісі жөніндегі комитет жұмыс істейді, оның ішінде 51 колледж, 7 жоғары оқу орны, 6 кәсіпорын қамтылған.

Форумның ашылуында ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит аймақтағы Жастар жылына арналған Жол картасының орындалу барысы туралы, мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарды қолдау шаралары, білім алу, жұмысқа орналасу және баспаналы болу мүмкіндіктері жайлы толыққанды айтып берді.

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2019 жылы 256 жас маманға 969,6 миллион теңге сомасында бюджеттік несие берілмек. 2019 жылдың жазында «Жасыл ел» жасақтарының қатарына 16-29 жас аралығындағы жұмыссыздар, мектеп оқушылары мен студенттердің арасынан 1650 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр, – деді Ирина Смит.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Маржан Бақыт өз сөзінде адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған партиялық жобаларды жүзеге асыруда жастар комитеттерінің маңызы туралы айтты. Ол «Жас Ұлан» қозғалысын аймақтық деңгейде үйлестіруді күшейтуді ұсынды.

Сонымен қатар «UK TMK» АҚ, «KazMinerals» ЖШС, «НК КТЖ» АҚ, «Шүлбі СЭС» ЖШС өкілдері де қалыс қалмай жастарды қолдауға бағытталған жобаларды жүзеге асырудағы кәсіпорындар мен жастар ұйымдарының рөлі жайлы сөз қозғады.

«Қайратты жастар» облыстық фестивалі шеңберінде атқарылып жатқан шаралар легі «Жас өркен» экологиялық акциясы аясында Есенберлин даңғылына көшеттер отырғызумен жалғасты.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ