ШҚО-да ажырасқандар саны артып келеді

489
көрілім

Бұл туралы Өскемендегі ШҚО №1 кәмелеттік жасқа толмағандар ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында өткен жиында айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталмыш сот төрайымы Анна Жұмагұлованың айтуынша, аймақта басым жағдайда жас отбасылар ажырасады. Сондықтан ең алдымен өңірде жұмыс істеп тұрған түрлі кеңестердің күш салуымен ажырасудың алдын алу бірінші кезекке қойылуы тиіс. Бұл ретте «Феникс» бейімдеу және дамыту орталығының директоры Нәзигүл Ахметқалиева ұрыс-керістің өршіп, қос тараптың татуласуына үшінші тарап, яғни жиі араласа бермейтін жандар ықпал етіп жатады. Ер мен әйел жолының екіге бөлінуіне көп жағдайда нәзік жандылар себепкер болатын көрінеді. Бұған қоса Әділет департаментінің тіркеу қызметі саласындағы методологиялық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы Әлия Қырықпаева ажырасуға байланысты бірқатар жағымсыз фактілер келтірді.

– Өкінішке қарай, қазір облыс көлемінде жас отбасылармен қатар, ересектер де некелерін бұзуда. Былтырғы мәлімет бойынша, аймақтағы ажырасу көрсеткіші 51 пайызды құраған. Глубокое ауданында бір жылда 202 отбасы некелерін қиса, ажырасқандар саны 205 болып, 100 пайызды көрсетті. Әрине, бұл тұрғыда көрсеткіш көңіл көншітпейді. Ұлан ауданында 102 некенің 82-сі, Риддер қаласында 427 некенің 329-ы бұзылған, – дейді жауапты тұлға.

Нұрбек АСҚАРОВ