ШҚО-да балалар ертегісінің тұсаукесері өтті

1414
көрілім

Тағы бір тың туындының тұсаукесері Өскемендегі облыстық драма театрында кесілді. Бұл жолы қалалықтар «Ақыл патшалығы» аталатын ертегіні тамашалады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жастар театрының актерлері кезекті мәрте барын салып, бүлдіршіндер алдында бар шеберліктерін паш етті. Бастысы – залдың алдаңғы қатарын түгел қамтыған балақайларды баурап алу. Бұл қолдан келгендей. Алғашқы кейіпкерлер сахна төріне көтерілген бойда, таңданыстарын жасыра алмай, жиналған жұрт қиқуға басты. Әрі қарай Құмырсқа рөлін сомдаған өнерпаздың асқан ептілігі кімді болсын таң-тамаша етпей қоймады. Тіпті әлдекімдер сахнаға қарай жүгіріп шығып, жағымды кейіпкерді сомдаған актерлерге көмекке ұмтылуға әзір отырды. Ал артқы қатарлардың біріне жайғасқан осы қойылымның режиссеры Бейбіт Құсанбаев іштей тынып, «бір жерден болмашы қателік кетпесе екен» дегендей ой үстінде болды. Десе де бәрі сәтті өтті. Еліміздің әр өңірінен жиналған талантты жастар өздеріне қойылған талапты ойдағыдай орындады.

Оқиға желісіне көз жүгіртсек, құстар арқылы адамзат пен табиғаттың тығыз байланыста екенін меңзейді. Шынайылық пен мейірімділікке шақырады. Қанағат қылу, досқа адал болу, әділеттілікті ту ету – қашан да жақсылыққа жетелейтінін атып, оны құстар арқылы беруге тырысты. Белгілі сценарист Асылбек Әуезханұлының туындысы осыған дейін елордалық бүлдіршіндердің ыстық ықыласына бөленсе, бұл жолы өскемендік балақайларға жақсы әсер қалдырды. Қызығы сол, келген меймандар аталған ертегінің ішінде жүргендей болды.

– Ертегі бастала салысымен актерлер көрермендер, оның ішінде балалармен тығыз қарым-қатынаста болуды басшылыққа ала білгендері ерекше ұнады, – дейді ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымов. – Қойылымның соңына қарай актерлер балаларға «достық» деген ұғымды жақсы түсіндіріп өтті. Одан бөлек, декорация жағы сәтті шықты деуге болады. Мұның авторы – еліміздегі Суретшілер одағының мүшесі Қайсан Қадырбеков деген танымал суретші. Музыка, декорация, актерлердің шеберлігі және режиссердң еңбегі осындай туындыны сәтті алып шығуға себепкер деп ойлаймын. Ертегіні сахналауға 20 күндей уақыт кеткен екен. Өнерпаздардың барлығы жеке жұмыстарын ысыра тұрып, аталған ертегіге жауапкершілікпен қарағандары анық байқалады.

Мұны қойылым режиссері Бейбіт Құсанбаев та қостады. Айтуынша, облыстық Жастар театрының құрылғанына көп уақыт болмаса да, өздерін үздік қырынан көрсетіп келеді. Маңыздысы сол, мұндағы жастардың бойында жауапкершілік, ынта, жігер сынды қасиеттер жетерлік.

– Театр өмірін шынайы сезініп келген актер ғана туындының сәтті шығуына үлес қоса алады. Жастар ауызбіршілік танытып, біртұтас дүние шығара білді. Актерлер жарады, бүлдіршіндер де дән риза. Дегенмен алда күтіп тұрған жұмыстар жетерлік, сондықтан дайындықтар үнемі жалғаса бермек, – деді Бейбіт Құсанбаев.

Әділхан ЕСІМХАНОВ