ШҚО-да бірнеше ауданда өрт шықты

261
көрілім

Облыстың бірнеше өңірінде күннің қатты ыстығынан құрғап кеткен шөп өртенуде, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


Соңғы екі күнде аймақта құрғақ шөптің өртенуіне байланысты 10 оқиға тіркелген. Бірнеше күннен бері қатты ыстық шығысқазақстандықтарды әбігерге салды. Синоптиктердің болжауынша, кей жерлерде ауа райы құбылмалы болуы мүмкін, алайда бұл өрт қаупін сейілтпейді.
Өрт сөндіру жасақтарының басты назарында Жарма, Аягөз, Бесқарағай аудандары мен Семей қаласы маңындағы ауылды аймақтар.
– Бесқарағай ауданында өрт ошағы үш жерден шыққан. Жетіжар ауылдық округінде 48 га жер от құрсауында қалған. Семей өңірінде Новобаженов ауылдық округіндегі 49 га жалынмен күреске 5 өрт сөндіру бөлімі жұмылдырылған. Осы сияқты Аягөз ауданының Көктерек елді мекеніндегі 30 га алқаптағы өртпен 22-Өрт сөндіру бөлімі күресуде. Жарма ауданында да тілсіз жаудың қаупі басылмай тұр, – деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Жалпы алғанда ШҚО-дағы өртті сөндіруге гарнизонның жеке құрамындағы 42 адам мен 10 техника күш салуда. Шаруа қожалықтары мен орман шаруашылық қызметкерлері де көмектесіп жатыр.
Осыған орай орман және дала аймақтарын күнделікті ғарыштық мониторинг арқылы тексеру жүргізіледі.