ШҚО-да биыл 510 қасқыр атуға рұқсат берілген

298
көрілім

Облыс орталығында өткен жиында ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов қасқырдың малға шабу фактілері өңірдегі бірнеше ауданда тіркелгенін тілге тиек етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Белгілі болғандай, алдағы уақытта Тарбағатай, Абай, Көкпекті, Күршім аудандарында орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету отрядының өкілдері тиісті жұмыстар жүргізбек.

– Ұлан ауданы бойынша қасқыр атуға рұқсат қағазын алғандар бар. Биыл аймақ көлемінде 510 қасқыр атуға лимит белгіленген. Түз тағыларының малға шабуы туралы аудан әкімдігінен де, тұрғындардан да өтініштер келіп түсті. Қазір 10 шақты қасқыр атылды. Оның ішінде Жоғарғы Тайынты аумағынан – 4, Алғабас ауылынан – 6. Рұқсат қағазды Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы рәсімдеуге болады, – дейді Мұрат Манарбекұлы.

Жауапты тұлғалар қасқыр санын реттеу жұмысы бірқалыпты жүзеге асырылып жатқанымен, түз тағысының жыл санап көбейіп келе жатқандығын мәлімдеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ