ШҚО-да босанғалы тұрған әйелді аман алып қалу үшін түнде паром өткелін ашқан

609
көрілім

Өскемен мен Күршім ауданын Ертіс өзені бөліп жатыр. Жуықта толғағы жеткен әйелдің өмірін сақтап қалу үшін қаңтарылып тұрған паромды оталдырып, дәрігерлерді арғы бетке өткізуге тура келді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Сәуір айының 11-і күні Күршім аудандық ауруханасының перзентханасына жүктіліктің 34-ші аптасындағы әйел түсті. Науқастың жағдайы нашарлап, дәрігерлер босану кезінде бөбектің жүрек соғысы естілмей тұрғанын анықтаған.
Бастапқыда жергілікті дәрігерлер әйелді кесарь тілігі отасына алды. Бұл уақытта түнде ақ халаттыларды Өскеменнен Күршім ауылына жеткізу жағы қарастырылып жатқан. Аралық шамамен 210 шақырым. Әйтеуір ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы, облыстық Төтенше жағдай департаменті, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, сондай-ақ аудан әкімінің келісімі нәтижесінде мәселе шешімін тапты.
«Түнде паром өткелін ашып, акушер-гинеколог пен реаниматологты өткізді. Қан орталығы қажетті дәрі-дәрмектермен қамтып, жасалған ем-дом нәтижесінде әйелдің беті бері қарады», – деді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер.
Қазіргі уақытта Күршім тұрғынының жағдайы бірқалыпты. Сәуір айының 21-і күні перзентханадан шығарылып, отбасымен аман-есен қауышқан. Үйінде төрт баласы күтіп отырған еді.

Айта кету керек, Күршім ауданының перзентхана бөлімшесі 2022 жылы толығымен жаңартылды – перзентхана, соматикалық бөлімше және операциялық блок күрделі жөндеуден өткен.