ШҚО-да демалыс күндері 5 адам суға кетті

359
көрілім

Қайғылы оқиға Өскемен, Семей қалалары мен Шемонаиха ауданында орын алған. Суға батқан ер адамдар жабдықталмаған орындарда шомылып, кейбірі мас күйінде болған деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


Шемонаиха ауданындағы Выдриха ауылы маңында құтқарушылар 41 жастағы еркек пен 20 жастағы жігіттің денесін тапты. Таныстығы жоқ екі демалушы екі жерде суға батқан. Мүрделері бір күн аралықпен табылды.
Өскемен қаласында қауіпті жерде суға шомылмақ болған жас шамасы 40-тан асқан ер адам мерт болды. Куәгерлердің хабарлауынан кейін 40 минуттан соң жансыз дене су түбінен шығарылды. Осындай жайт бір күн бұрын Меновной ауылында орын алды. Жасы 50-лер шамасындағы ер адам суда салқындаймын деп батып кетті.


Дәл осындай жайт Семейде орын алып, 32 жастағы еркектің денесі көлдің түбінен шығарылды. Куәгерлердің айтуынша, демалушы мас күйде болған.
Оқыс оқиғалардың 90 пайызы суға тусуге арналмаған жерлерде орын алады екен. Сондықтан ШҚО  ТЖД мамандары демалушыларға суда шомылу ережелерін дұрыс сақтауды ескертеді.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ