ШҚО-да дәрігерлер аттан құлаған адамның жамбасын бөлшектеп жинады

491
көрілім

Ақ халаттылар алдымен науқасты мұқият тексерістен өткізіп, ота жасауға төрт күн дайындады. Айтуларынша, бұл техникалық жағынан күрделі ота, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қылқұйрықтыдан құлаған ер адам Глубокое ауданының тумасы. Бірнеше жерден ауыр жарақаттар алған: сегізкөзі ажырап, құйымшағының маңы мен бесінші омыртқаның көлденең өсіндісі сыныпты. Дәрігерлер мұндайда жүйке жүйесіне абай болмаса, ем-домның соңы мүгедектікке алып келуі мүмкін екенін айтты.

Науқасты мұқият тексерістен өткізген соң ота жасауға төрт күн дайындаған. Сосын облыстық аурухана дәрігерлері жамбасын бөлшектеп жинай бастады. Ашық түрде остеосинтез (сүйектерді біріктіру) жүргізіліп, арнайы бұрандалардың көмегімен сүйектің сынықтарын біріктірді.

Облыстық аурухана дәрігері Данияр Мусиннің айтуынша, бұл техникалық жағынан күрделі ота.

«Бұндай зақымдану кезінде ем жүргізу әдісін дұрыс таңдау керек. Яғни, сүйектің сынықтарына жету үшін қай жердің кесілетіні анықталады. Бір жағынан, сүйекті біріктіру үшін сынған жердің маңайын толықтай тақырлау қажет. Екіншіден, тері маңын зақымдап алмау да ескеріледі. Жамбас маңында денсаулыққа маңызды ішкі органдар мен тамырлар бар. Әйтеуір ота сәтті өтті. Науқас екі күн өткенде төсекте қимылдай бастады. Тағы бір жарым айдай төсектен тұрмауы тиіс. Бұдан соң жамбас сүйегінің жағдайын байқап, әрі қарай ем жүргізу жоспарын құрамыз», – деді Данияр Мусин.

Ақ халаттылар науқас толық бақылаудан өткен соң біртіндеп қалыпты өмірге оралады деді. Айта кетейік, мұндай жоғары технологиялық ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалды.