ШҚО-да «Дәрмек» шарасы барысында 15 заңбұзушылық анықталды

344
көрілім

Өңірде 16-20 қараша аралығында «Дәрмек» жедел алдын алу шарасы өткізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, шара барысында тәртіп сақшылары есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымын анықтауға күш салды. Өскемен, Семей, Риддер қалаларында және Көкпекті ауданында прекурсор қолданатын кәсіпорындарды тексеру барысында техникалық нығайтылу талаптарының бұзылғаны тіркелді. Осылайша, мекеме басшылары ҚР ӘҚБтК-нің 427-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды.

– Семей қаласындағы дәріханалардың біріндегі фармацевт құрамында кодеині бар дәрі-дәрмектерді рецептсіз сатқан. Бұл ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабына қайшы. Сондай-ақ Семейдегі мекеме басшыларының бірі қызметкерлеріне лицензиясының мерзімі өткен прекурсорларды сатқызған. Оған 400 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Айта кетейік, 5 күн ішінде облыс бойынша есірткіге қатысты 15 қылмыстық құқықбұзушылық анықталды.