ШҚО-да дәстүрлі велокөпкүндік мәресіне жетті

158
көрілім

Өскеменде өз тарихында осымен 50-ші мәрте өткізілген «Қазақстан оқушысы – 2019» республикалық сайысы аяқталды. Бүгін барлық кезеңнің үздіктері белгілі болып, жекелей және командалық есепте жоғары нәтиже көрсеткендер анықталды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Аталған жарыстың басты ерекшелігі – биыл Монако Князьдігінен алғаш рет келіп қатысты. Ерекшелігі сол, «Monaсo team» командасы сапында төрт бірдей отандасымыз өнер көрсетіп, бірнешеуі тұғыр сатысынан орын алды. Атап айтқанда, веложарыстан Олимпиада ойындарының чемпионы әрі жүлдегері Александр Винокуровтың Николай және Александр есімді ұлдары өнер көрсетіп, бірі – 3-ші кезеңде, бірі – 7-ші кезеңде топ жарды. Ал көпкүндіктің жалпы қорытындысында, жүлдеге іліккен қатысушыларды бірқатар спорт майталманы, сондай-ақ Олимпиада ойындарының жеңімпазы Александр Винокуров марапаттады. Бірі білсе, бірі білмейді, осы жарысқа бір кездері әйгілі велошабандоздың өзі де қатысқан.

– Монаколықтардың аяқ алысы тәуір болды. Командалық есепте де жеке дара көш бастады. Кей тұрғыда күн райының бұлттанып тұруы өз көмегін берді. Десе де бабы келіскендері кезіккен кедергілерге қарамай, мәре сызығын кесіп жатты. Мен қатысқан 1987 жылы бәсекелестік жоғары еді. Бұл спортшыларға да қарап, біршама тартыстың болғанын байқау қиын емес, – деді атақты велошабандоз.

Монаколықтар демекші, 4-ші кезеңде үшінші, 5-ші кезеңде бірінші орын алған Брудер Гийом жоғары әзірлікпен келгендігін жеткізді. Қалған кезеңдерде де үздік бестіктің қатарынан көрініп жүрген. Ал отандастырымыздан елордалық Нұржан Хатпин есімді қатысушыны ерекше атап өтуге болады. Қоржынын түрлі медальдар жиынтығымен толтырған спортшының жекелей есепте екінші орын иеленгені осал еместігін аңғартады. Жалпыкомандалық есеп қорытындысына келсек, жоғарыда аталған Монако Князьдігі өзгелерден оқ бойы озық болды. Алматы облысының командасы екінші, Шымкент қаласы үздік үштікті түйіндеді.

Бұл жолы ресейліктер мен өзбекстандық өрендер жүлдеге ілінбеді. Ұйымдастырушылар бұл жағын бәсекелестіктің арта түскендігінен деп есептейді.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ