ШҚО-да діни және этномәдени бірлестіктер өкілдерінің өңірлік сьезі өтті

333
көрілім

Бүгін Өскеменде Діни және этномәдени бірлестіктер өкілдерінің өңірлік сьезі өтті. Бұл шараның мақсаты – конфессиялық келісім мен бірлікті сақтау, діни бірлестік мүшелері арасында зайырлы қоғам қағидаттарын нәсихаттау, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жиын барысында мемлекеттің діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасау жолдарын талқылай отырып, радикалды идеологияның таралуына қарсы атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесі баяндалды. Шараға Шығыс Қазақстан облысы Дін істер басқармасының, Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары мен Жастар ұйымының өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.

– Бүгінде ғаламтор желісі арқылы дін өкілдерін бір-біріне айдап салу үрдісі қатты жүріп жатыр. Себебі дінді қару ретінде пайдаланғысы келетін саяси күштер бар. Барлығымыз бір ел, бір жерде өмір сүріп жатырмыз. Ал біздің осы берекеміздің шырқын бұзу кімге керек! Мемлекеттік сана мемлекетке серпін береді. «Бірлік ақылға бірлік» деп Абай атамыз айтқан. Бүгінгі қазақ даласындағы саяси жағдайға біз ақылмен қарауымыз керек. Адамдар арасында бір біріне деген бауырмалдылық болмаса, Отанымызда береке кете бастайды. Қазір қоғамда ауызынан отаншылдықтың сөзі шығатын бірақ иісі сезілмейтін «патриоттар» көбейіп келеді. Осы жиын аталған мәселелерге азда болса тосқауыл болар деген сенімдемін, – деді ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дінтану сараптамасы орталығының бөлім басшысы Жарас Ахан.

Шынында да бүгінгі таңда дін тақырыбы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Елдің ынтымағы да, келешегі де дінге тікелей байланысты. Себебі діннің діңгегі ұлттың салт-дәстүрі емес пе. Жиын барысында имамдар діни басқармаға өз ұсыныстарын да ортаға салды.

– Әр дәуірдің өз ауыртпалығы болады. Бүгінгі заманның алға жылжуына кедергі келтіріп отырған мәселенің бірі теріс ағымның өкілдері екенін бәріңіз білесіздер. Бұларға тосқауыл қойсақ та әлі де тұп тамырымен жоғалмай тұр. Сонымен қоса қазіргі таңда діни басқармалар имамдарды сынап жатады. Осындай сәттерде бізге жол көрсетсеңіздер, демеу берсеңіздер. Біз дін өкілдері қолымыздан келгенше аяғымыз жеткен жерге дейін уағыз айтып, елді бірлікке шақырудан шаршамаймыз. Имандылық мәселелерін имамдардан басқа ешкім толықтырып жеткізе алмайды. Теріс ағыммен күрес барысында біз ең алдымен тарихи сананы жаңғыртуымыз керек. Ал бұл жаңғыру басқарма басшыларымен тікелей байланысты, – дейді Халифа Алтай мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай.

Таунар ҚАЙРАТ