ШҚО-да Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» атты романы бойынша конференция өтті

408
көрілім

Пушкин атындағы облыстық кітапханада қазақ әдебиетінің класcигі, жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың «Бір ел бір кітап» акциясы аясында «Аңыздың ақыры» атты романы бойынша конференция өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

«Адамзаттың ең ұлы жаңалығы – жазу» депті Әбіш. Расында осы жазу болмаса адамзат тарихы бүгінге қалай жетер еді? Алтын әріптермен әр парақтың бетінде қалған жазушы туралы естеліктер, терең ойлар құмға сіңген судай сусып кете берер ме еді? Бүгінгі шараның ең үлкен қуанышы – жазушы шығармалары әлемнің алты тіліне аударылып отыр.

– Бұл кітап жазушы шығармаларының жаңа оқырманын табуына зор мүмкіндік тудырады. Осы арқылы біз қазақ жазушыларын тек өз елімізде ғана емес, өзге елде де танылуына жол ашудамыз. Олар Әбішті оқу арқылы қазақты, халқымыздың салт-дәстүрін таниды, – деді «Global Inn» аударма бюросының директоры Алмира Қарабаева.

Шара барысында Шабыт театр үйірмесі мен Шабыт ақындар үйірмесінің студенттері қойылым қойып, өлең оқыды. Сонымен қоса мектеп оқушылары жазушының шығармаларын шет тілдерінде мәнерлеп оқыса, ұстаздар қауымы баяндама жасады. Кітапхана ұжымы қуанышқа қуаныш қосып ұстаздарды мерекелерімен марапаттады.

– Жазушы шығармаларының әр парағында бабаларымыздың аңызы мен шежірелері жатыр. Жазушының сұңғылалығы сонда өткенге көз жібере отырып, бүгіннен ой түйіп артына өшпес еңбек қалдырды. Әбіш Кекілбаев шығармаларының негізгі өзегі ұлттық құндылықта, философиялық мәнінде жатыр, – дейді Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің қазақ орыс филологиясы және журналистика кафедрасының доценті Айымгүл Сейпутанова.

Таунар ҚАЙРАТ