ШҚО-да екі аяғы жоқ мүгедек көршісін өлтірген

491
көрілім

Мұндайды естуіңіз бар ма? Адам айтса нанғысыз оқиға Шемонаиха ауданы Большая речка ауылында болған. Мүмкіндігі шектеулі ер адам туған ағасы және көршісімен бірге ішімдік ішеді. Бірнеше сағаттан кейін масайған көршісі асбөлмедегі үстелді абайсызда төңкеріп алған. У-шудан оянып кеткен мүгедек жан төсектен түсіп, жалма-жан еңбектеп келіп жерде сұлап жатқан еркекті бір қолымен мойнынан қысып, жұдырықтай жөнеледі. Оқиғаның жай-жапсары аудандық сотта қаралған қылмыстық істің материалдарында баяндалған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

2012 жылы екі аяғы үсіп қалған Юрий Белозеров (аты-жөндері толықтай өзгертілген) содан бері протез арқылы қозғалады. Салт басты ер адам үйде ағасы Павелмен бірге тұрады. 31 жастағы Юрийдің кей кездері өмірден түңіліп, бәрін бір сәтке ұмыту үшін ішімдіктен ұрттап қоятыны бар-тұғын. Күндердің бір күнінде үйге көршісі Валентин қонаққа келген. Ағасы дүкенге барып арақ пен тіскебасар алған соң үшеуі дастарқан басына жайғасады. Сағат 20.00 шамасында мүмкіндігі шектеулі азамат төсегіне жатып, ұйықтап кеткен. Ал қалған екеуі отырысты ары қарай жалғастырады. Екі сағаттан кейін масайған Валентин тұра бере құлап түсіп, аңдаусызда асбөлмедегі үстелді құлатып алады. Қатты дыбыстан селк етіп оянған Юрийдің асбөлмедегі шашылып жатқан тамақ пен сынған ыдыс-аяқтарды көргенде ашуға булыққаны сонша, протезін киместен төсектен ыршып түскен. Жерде жатқан жерлесіне еңбектеп келіп, бір қолымен мойнынан қысып алады да, екінші қолымен басынан, бетінен, мойнынан аяусыз ұрғылай жөнеледі. Мұрнынан қан сорғалаған Валентиннің қорғануға еш шамасы келмеді. Ал көзі қанталап кеткен Юрий соққылай берген, соққылай берген. Бірнеше минуттан соң сабасына түскен мүгедек жан қайтадан төсегіне келіп жатады.

Келесі күні Павел орнынан қозғалмай жатқан көршісін көріп шошып кетті. Барып кеудесін басса жүрегі соғып тұр. Ойлана келе дәрігер шақырғанның орнына оны үйіне жеткізіп салады. Мұнысы бекер екен. Көп ұзамай ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған жәбірленуші о дүниеге аттанып кетті…

Шемонаиха аудандық сотында қаралған сот ісінде өз кінәсін толықтай мойындаған айыпталушы:

– Асбөлменің астаң-кестеңін шығарған Валентин зығырданымды қайнатып жіберді. Одан «неге үстелді құлаттың?» деп сұрағанымда түсініксіз бірдеңені міңгірледі. Содан кейін өзімді ұстай алмай қалдым. Бірақ адам өлтірмек ойым болған емес, – деп жауап берді.

Сот үкімі бойынша Юрий Белозеров ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге түрмеге қамалды. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін сотталушы ішімдікке тәуелділіктен мәжбүрлі түрде емделмек. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ