ШҚО-да әлеуметтік қызмет порталы іске қосылады

319
көрілім

ШҚО Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру кеңесі отырысында Әлеуметтік қызмет порталының іске асырылуы талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Ардагерлер және мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс бөлімінің басшысы Дина Байбудинова ерекше қажеттіліктері бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету бойынша аймақта жүргізіліп жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Бүгінде ШҚО-да мүмкіндігі шектеулі 56 мыңнан астам жан бар, оның 5 мыңнан астамы – бүлдіршіндер. Мұндай адамдарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етіп отыру үшін жыл сайын бюджеттен 600 миллион теңге қаржы бөлінеді. Оның ішінде 100 миллионнан астамы - тилфотехникалық құралдарға, 50 миллионнан астамы – сурдотехникалық құралдарға, 200 миллионнан астамы – протезді-ортопедиялық құралдарға, мүгедектер арбасына шамамен 80 миллион қаржы жұмсалады. Сондай-ақ республикалық бюджеттен 300 миллион теңге гигиеналық заттар алуға бөлінеді. Сатып алу процесінің толығымен ашық болуын және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауын қамтамасыз ету мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тең мүмкіндіктер мен жеткізушілер үшін бәсекелестік орта құру мақсатында Әлеуметтік қызметтер порталын іске қосуды енгізді.
Автоматтандырылған жүйе осы уақытқа дейін пилоттық режимде іске қосылып, Ақтөбе қаласында сыналған болатын.
Порталдың басты бетінде үш бөлім орналасқан: арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін, техникалық оңалту құралдарын ұсынатын жеткізушілердің тізімі және арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін адамдар мен медициналық-әлеуметтік мекеме мамандарының тізімі.
Порталға тіркелу ЭЦҚ арқылы жүзеге асырылады. Қаңтардан бастап арнайы әлеуметтік қызметтер мен жеке таңдауды қажет етпейтін және республикалық бюджеттен қаржыландырылатын техникалық оңалту жабдығының 24 түрі портал арқылы беріле бастайды. Содан кейін біртіндеп, курорттық емдеу қызметтерін, жеке көмекшіні және ымдау тілі маманын алуға мүмкіндік туады. Толықтай көшу 2021 жылы болады, - деп атап өтті Дина Байбудинова.
Қосымша ақпарат алу үшін 1411 бірыңғай байланыс орталығының  нөміріне хабарласыңыз.