ШҚО-да еліміздің үздік тауары анықталуда

294
көрілім

Өскеменде "Қазақстанның үздік тауары" атты жыл сайынғы аймақтық көрме-жәрмеңкесі өтуде. Бұл шараның ұйымдастырылуына ШҚО Кәсіпкерлер палатасы мұрындық болып отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Өздерінің таңдаулы деген өнімдерін әкелген өңірдегі жеке кәсіпкерлер, өндірістік бірлестіктер мен бірқатар шаруа қожалықтары алуан түрлі тауарларымен көрме көркін қыздыруда. Шараның кәсіпке бет бұрған жандарға зор тәжірибе болатынына облыс әкімнің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев салтанатты ашылу кезінде зор сенім білдірді.
- Біздің аймақ өнеркәсіп және ауылшаруашылық саласы бойынша ел көлемінде алдыңғы орынға ие. Отандық өндірісті дамыту бағытын да қарқынды жүзеге асырып келеміз. Бүгінгі көрмеге әкелінген әр тауардың маңызы айрықша. Іскер жандардың баршасы өзара тәжірибе алмасып қайтады деген ойдамын, - деді ол.


Биылғы көрменің ерекшілігі сол, жәрмеңке түрінде өтуде. Соның арқасында келген меймандар заттың сапасына баға беріп қана қоймай, көңілден шықса сатып алуға мүмкіндіктері бар. Шараға алғаш рет қатысып отырғандардың қарасы мол екен. Соған қарамастан алып келген тауарлары аудан, қала көлемінде айтарлықтай сұранысқа ие. Мәселен, Риддер қаласынан келген Асланбек Нәби қолөнер бұйымдарымен жоғарғы оқу орнын бітіргеннен бері айналысып келеді екен. Бүгінгі көрмеге гипс пен қоладан ойып жасалған Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов пен қазақтың философы Шәкәрім Құдайбердіұлының бейнесін әкеліпті.
- Осындай ұлы тұлғаларды шараға келгендер келіп, тамашаласа деген ойым болды, - дейді ол. - Алдымен жұмсақ материалдан жасаймын бұйымдарды. Оларды сәл қатырып барып көрмеге қойып отырмын. Риддерде мен жасаған бұйымдарға сұраныс жоғары. Арнайы мұражайым да бар.


Мұнда киім-кешек, заманауи жабдықтар, ұлттық аспаптардан бастап, шұжық, кондитер өнімдері, сонымен қатар құрт, ірімшік сынды жеңсік тағамдар да қойылған. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер үш аталым бойынша белгілі болмақ.

Әділхан ЕСІМХАНОВ