ШҚО-да есірткі сатумен айналысқан қылмыскер құрықталды

44
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында Курчатов қаласының тұрғынын көп мөлшердегі есірткі затын сату кезінде қолға түсірді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жедел алдын алу шаралары кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері ірі көлемдегі есірткі саудасымен айналысқан тұлғаны анықтаған. Тексеру нәтижесінде күдіктінің гаражында өсімдік тектес өткір иісі бар арнайы полиэтилен пакеттеріне салынған 9 келідей белгісіз зат табылған. Сараптама қорытындысы тәркіленген зат марихуана болғанын анықтады. 1800 дозадан астам есірткі заты заңсыз сақталып келген.

ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

- Есірткі, психотроптық заттар, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Қазіргі уақытта 35 жастағы заң бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалған, - деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бүгінде тәртіп сақшылары есірткі заттарының облыс аумағына қалай тасымалданғанын анықтауда.

Еске сала кетсек, аймақта маусым айынан бастап «Көкнәр-2019» республикалық жедел алдын алу шаралары өтіп жатыр.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ