ШҚО-да әскери-патриоттық тәрбие жұмысы зерделенді

471
көрілім

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының орынбасары, Ауған соғысының ардагері, отставкадағы генерал-майор Мұкан Естайұлы Дюсекеев Өскемен қаласына келіп әскери-патриоттық тәрбие жұмысының барысымен танысты.

Ол ең алдымен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтығұтовпен және әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында қызметін үйлестіріп жүрген басқарма басшыларымен кездесті. Аймақ басшысының орынбасары қадірлі мейманды құшақ жая қарсы алып, облыстағы сапарына сәттілік тіледі. Әрі қарай өңірде әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарының іске асырылу барысын талқылады. Кездесу барысында жас ұрпақты өз Отанының патриоты болуға бағытталған шаралар легі жөнінде де сөз қозғалды. Бұдан кейін, Мұқан Естайұлы шығыстағы ардагерлер мен әскери патриоттық тәрбие беру орталықтарын аралады.

- Бұл орталықтар балалар мен жастардың патриоттық тәрбиесіне баса мән беріп, патриоттық сананы, өз Отанына деген адалдық сезімін қалыптастыру жолында аянбай еңбек етуі тиіс. Әрі азаматтық борышы мен негізгі конституциялық міндеттерді орындауды жүзеге асыруды қамтамасыз етулері қажет, - деді Мұқан Естайұлы кездесу барысында.

Патриоттық тәрбие беру жұмыстарының барысымен танысу үшін генерал Дюсекеев Ұлан және Глубокое аудандарына барып, ондағы әскери-патриоттық клубтардың жұмыс барысына ерекше көңіл аударды. Шығыс Қазақстан облысында іске асырылып жатқан бастамалар ел азаматтарының бойында патриоттық санасын қалыптастыруға себеп болатыны және аталған орталықтардың болуы аса маңызды екеніне сөз тоқтатты.

- Осы аймақтың жігіттері өздерінің білімімен, мықты күш-жігерімен ерекшеленеді. Әрине, жергілікті билік өкілдеріне осындай орталықтардың қызметін жандандыруға көмек қолын созғаны үшін алғыс білдіремін, - деді Мұқан Естайұлы.

Аудандағы әскери орталықтардың қызметімен танысқан генерал аймақ жастарымен кездесті. Әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын көпшілікпен талқылап, салада кездесетін проблемаларды шешу жолын қарастырып, жалынды жастардың пікірін тыңдады.

Жалпы ШҚО әскери патриоттық тәрбие беру жұмысына генерал Дюсекеев жоғары бағасын берді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар игі жалғасын табатындығына сенім білдірді.

Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі