ШҚО-да қан айналымы бұзылған науқастарға қандай бейінді көмек көрсетілуде?

578
көрілім

Облыстың штаттан тыс бас невропатологы Юрий Шаров өңірдегі инсульт қызметінің жұмысы және ми қан айналымы жіті бұзылған науқастарға қандай бейінді көмек көрсетілетіні туралы айтып берді.
Сарапшының пікірінше, инсультті диагностикалау мен консультациялық-диагностикалық қызметтердің МӘМС жүйесінде тегін қолжетімді болғаны инсультті ерте кезеңдерде анықтауға көмектесті, сонымен қатар оңалту терапиясы нәтжесінде пациенттерді қалпына келтіру көрсеткіштері артқан.
- Бүгінде облыста үш инсульт орталығы жұмыс істейді, олардың біреуі екінші деңгейлі және екеуі – үшінші деңгейлі, - дейді Юрий Николаевич. -  Бұл орталықтарда мидың қан айналымы жіті бұзылған пациенттерге МӘМС  жүйесі мен ТМККК шеңберінде тегін көмек көрсетіледі. Ми қан айналымы жүйесінің ауруы күрделі және көптеген қауіп факторларымен байланысты. Онымен кез -келген жаста ауырып қалу мүмкін. Әсіресе, артериялық гипертензия, қант диабеті, атриальды фибрилляция, мультифокальды атеросклероз сияқты диагноздары бар орта жастағы адамдар тәуекел тобына кіреді.
Сондай-ақ, маманның айтуынша, инсульттің пайда болуына қоршаған орта факторлары мен жаман әдеттер де әсер етеді. Ал науқастың дәрігерге кеш жүгінуі соматикалық күйінің  нашарлауына  әкеледі.
- Адамның қандай да бір белгілерге назар аудармауы, жыл сайынғы скринингтен өтпеуі, терапевтке бармауы, қандағы қант пен липидтердің деңгейін өлшемеуі, қан қысымын бақыламауы - мұның бәрі инсультке әкеледі. Айына кемінде бір рет медициналық пунктке кіріп, тіпті мазаламаса да, қан қысымын өлшеу қиын емес,  - дейді облыстың бас невропатологы.
Облыстағы инсульт орталықтары жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Дәрігерлер жоғары мамандандырылған операциялар жасайтын ангиоблок барлық жерде жұмыс істейді.
Юрий Николаевич бүгінде инсультті емдеуге арналған көптеген бағдарламалар – алғашқы кезеңде жедел емдеу, қалпына келтіру сияқты  бағдарламалардың бар екенін еске салды. Ең бастысы –  денсаулыққа немқұрайлы қарамай, медициналық көмекке уақытында жүгіну керек, өйткені сіздің денсаулығыңызға ұқыпты қараудан маңызды ештеңе жоқ. Бұл оны мүмкіндігінше ұзақ сақтауға көмектеседі.
Мәселен, Самар ауылының 60 жастағы тұрғыны Мұхтархан Мурсалимов жақында инсульттан аман қалды. Ол кісі үйінің ауласында жұмыс істеп жүрген. Бәлкім аурудың алғашқы белгілері болған да шығар. Бірақ жасы келіп қалған адам оларды жасыма байланысты қалыпты жағдай деп қабылдауы мүмкін. Дәрігерге бармаған. Осы оқиғадан кейін ол облыстық аурухананың инсульт орталығына түсті.Қазір дәрігерлердің үйлесімді және жоғары білікті көмегінің арқасында науқастың жағдайы түзеліп келеді, ауруханадан шығуға дайындалып жүр. Сәл кейінірек,  пациент МӘМС жүйесінің аясында оңалтудан тегін өтеді.
Инсульт алған тағы бір науқас - өскемендік 63 жастағы Владимир Мұстафаев соның салдарынан соқыр болып қала жаздады. Бірақ оған инсульт орталығында жоғары технологиялық көмек көрсетілді, соның нәтижесінде ол кісі де сауығып кетті, енді үйіне қайтуға дайындалып жүр.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың сегіз айында облыс бойынша Медициналық сақтандыру қоры ТМККК және МӘМС шеңберінде 4,6 млрд теңгенің 3,5 млн-нан астам консультациялық-диагностикалық қызметтерін қаржыландырды. Оңалтуға келетін болсақ, есепті кезеңде МӘМС шеңберінде 1,3 млрд теңгеге  344 528 қызмет көрсетілді