ШҚО-да «қара» нарықтағы құны 25 млн теңгеден асатын есірткі тәркіленді

328
көрілім
Шартты фотосурет

Өңірдің тәртіп сақшылары «қара» нарықтағы құны 25 млн теңгеден асатын есірткіні тәркіледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2020» жедел алдын алу шарасы барысында қылмыстық топ мүшелерін ұстады. 34 және 39 жас аралығындағы үш ер адамның бірі Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Олар оңтүстік аймақтардан каннабис есірткісін логистикалық компаниялар арқылы Шығыс Қазақстанға жеткізіп отырған.
– Күдіктілердің бірінің гаражын тінту кезінде екі сөмкеге салынған 7 полимерлі пакет табылды. Оның ішінде өткір иісі бар, жасыл түсті өсімдік тектес зат болған. Сараптама нәтижесінен, бұның салмағы 30 келіден асатын кептірілген марихуана екені анықталды. Оның «Қара» нарықтағы құны 21 миллион теңгеден асады, - дейді департамент бастығы Сағат Мәдиев.
Сондай-ақ есірткіні орауға арналған заттар мен 1 миллион теңгеден астам ақша тәркіленген. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 277-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Заңды белден басқандар 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.