ШҚО-да карантин режимін сақтамағандар қандай жауапкершілікке тартылады?

310
көрілім
Фотосурет express-k.kz сайтынан

Шілде айының 5-нен бастап еліміздегі карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамағандар үшін әкімшілік жауапкершілік тағайындалған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 425-бабына сәйкес жеке тұлғаларға 30 АЕК немесе 83340 теңге көлемінде айыппұл салынбақ. Шағын кәсіпкерлік иесі – 230 АЕК (638940 теңге), орта кәсіпкерлік иесі – 310 АЕК (861180 теңге), сондай-ақ ірі кәсіпкерлік иесі карантин талаптарын бұзғаны үшін 1600 АЕК (4444800 теңге) мөлшерінде айыппұл арқалайды.

Мәселенің анық-қанығы ШҚО Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Департаментінде талқыланды.

ШҚО бас санитарлық дәрігері Марат Исмаиловтың сөзінше, егер сатушы медициналық маска мен перчатка кимей жұмыс істейтін болса, онда оған әкімшілік айыппұл салынады. Егер кәсіпкерлік аумағында (дүкен, дәмхана және т.б.) дезинфекциялық құралдар қойылмаса, онда мекеме қожайыны әкімшілік жазаға тартылады. Айта кетейік, бұл жерде айыппұл мөлшері кәсіпкерлік деңгейіне қарай салынады.

Осы тақылеттес жағдай автобустарда да жүзеге асырылады. Егер жүргізушілер мен кондукторлар санитарлық-эпидемиологилық талаптарды орындамаса, ондай әкімшілік жаза сол жұмыскерлерге қолданылады. Ал қоғамдық көлік қожайыны бекітілген талаптар шеңберінде санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтамаса, онда айыппұл автобус қожайынына салынбақ. Бұл жерде де әкімшілік жаза түрі кәсіпкерлік деңгейіне қарай орындалады. Десе де белгілі бір себептерге байланысты айыппұл мөлшерін 50%-ға дейін азайтуға болады.

Біріншіден, шағын, орта немесе ірі кәсіпкерлік иесі талаптарды бұзғандығын растап, барлығын мойындауы керек.

Екіншіден, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне сәйкес айыппұл бір апта ішінде төленсе, 50% жеңілдік болады. Сондай-ақ аталған Департаментте қанша жерден карантин талаптары бұзылса да айыппұл мөлшерінің өсуіне әсер етпейтіндігін жеткізді.