ШҚО-да қашықтан оқыту мақсатында қосымша 36 мың компьютер сатып алынбақ

213
көрілім

Өңірімізде мұғалімдер мен оқушыларды компьютермен қамтамасыз ету мақсатында сараптама жасалды. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың айтуынша, бүгінде облыс мектептерінде 33 200 компьютер бар.

Оқушылардың 88 пайызы үй жағдайында компьютермен қамтамасыз етілген. Ал 22,4 мың баланың онлайн режимде білім алуына техникалық жағдай жасалмаған. Сондықтан 17 мыңнан астам оқушыға, ең алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға мектептердегі компьютерлер беріледі. Кейін олар компьютерді мектепке қайтарып беруі тиіс. Сондай-ақ 197 педагог қажетті техникамен қамтамасыз етілмек.

– Көп жағдайда бір отбасы мүшелері 1 компьютер қолданады. Ол жанұяның ата-анасы қашықтан жұмыс істеп отыруы да мүмкін. Сол себепті бір компьютердің аздық ететіні түсінікті. Аталған мәселе мектеп әкімшіліктерінде жіті талқыланады. 25 тамызға дейін облыс мектептеріне қосымша 9,5 мың бірлік компьютер сатып аламыз. Сонымен қатар үкіметтік қордан 26,5 мың бірлік техника алуға қаражат бөлу қарастырылып отыр. Бұл қаржы балалар мен педагогтерге қажетті техниканы әперуге жеткілікті, – деді Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, интернет мәселесі де шешімін табады. Бүгінде 189 мың оқушының 18,3 мыңы ғаламтормен қамтамасыз етілмеген. Осы мәселені шешу үшін балаларға SIM-карталар мен тарифтер қосылған жоғары жылдамдығы бар 5 620 роутер беріледі. Қалған 6 877 бала штаттық режимде білім алатын болады.

Бұдан бөлек, мектеп жасындағы балалар тұратын барлық елді мекенде интернет желісінің жылдамдығы арттырылмақ. Аймақ басшысының айтуынша, 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 52 елді мекендегі интернет желісінің жылдамдығы жоғарылайды.