ШҚО-да қауіпті індетке қарсы тұрған жандарға құрмет көрсетілді

437
көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы күрес кезінде алдыңғы шепте жүрген жандарға «Халық алғысы» төс белгісін табыстады. Олардың қатарында 11 жерлесіміз бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Президент қатысқан онлайн-жиында түрлі сала бойынша әр өңірдің белсенділері қатысты. Рет-ретімен сөз алғандары өзге өңірлерде белең ала бастағанда инфекцияның Шығыс топырағында ауқымын кеңейтіп, құлашын кеңге жаяюына жол бермес үшін дер кезінде дұрыс пәрмен беріп, сақтық шараларын күшейткен облыс әкімі Даниал Ахметов қабылдаған ұтқыр шешімді ерекше атап өтті. Ақ халаттыларға қажетті қорғаныс костюмдері мен заманға сай жабдықтар жеткілікті көлемде алынды. Оған қоса, Шығыс Қазақстан COVID-19 инфекциясын анықтайтын экспресс-тест ең алғаш болып қолданып, соның нәтижесінде індеттің асқынуына тосқауыл қойылып, вирус жұқтырғандарды уақтылы анықтауға мүмкіндік алды.

Аймақ басшысы қоғамның обасына айналған қауіпті дерт өрши бастағанда қомақты, нақты айтсақ, 10 млн доллар қаржы бөлген «Қазцинк» ЖШС-на алғыс айтты. Кәсіпорын жұмысшыларынан еріктілер тобы құрылып, қарттар мен көмекке мұқтаж жандарға азық-түлік пен өзге де қажет тауарлар жеткізілді. Аталмыш зауыттың әкімшілік мәселелер бойынша атқарушы директоры Андрей Лазаревтің бастамасымен «Ана мен бала» орталығында, онкология және хирургия орталығында, 1-ші қалалық аурухананың медициналық қызметкерлеріне азық-түлік топтамасы мен теледидар сатып алынды. Арнайы жабдықтар алу үшін Риддер қалалық ауруханасының пульмонологиялық бөліміне 50 млн теңге бөлінген.


– Кез келген науқасқа компьютерлік томографиядан өту қолжетімді. Өзге де жабдықтар заманға сай әрі жеткілікті мөлшерде. Соның нәтижесінде тұрғындар өздерін жайсыз сезінсе ауруханаға келерден бұрын қашықтан көмек бере аламыз. Әр науқастың өміріне араша болуға асыққан ақ халаттылардың еңбегін айта кеткен орынды. Алдымен өңірлерге көңіл бөліп, жағдайды бақылауда ұстау үшін барын салған Президентке, дәрігерлер мен өзге де медициналық қызметкерлерге сапалы жұмыс істеуге мүмкіндік жасаған облыс басшысы Даниал Ахметовке алғыс білдіргіміз келеді. Ауызбіршілік пен тәртіптің арқасында өңірдегі дерттің ушығуына кедергі бола білдік деп ойлаймын, – дейді облыстық аурухананфң пульмонолог дәрігері Зағрипа Абденова.


Айта кетейік, дәл осы маманның күш салуымен COVID-19 пандемиясынан 31 науқас сауығып шыққан. Одан бөлек, күрделі кезеңде қалалар мен аудандарда құрылған еріктілер тобының белсенділері де құрметке лайық деп танылды. «Lider.kz.Semey» еріктілер қозғалысының басшысы Евгения Павелдың айтуынша, жұқпалы пандемия кезінде ұзын-саны 1500-ге жуық отбасына қолұшын созған.

Оның ішінде көпбалалы, аз қамтылған және жанұяда мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға азық-түлік себеттері мен дәрі-дәрмектер жеткізіп, қиналған жандардың жанынан табылуға асыққан.

Осындай белсенділерді Мемлекет басшысы атынан «Халық алғысы» төс белгісімен марапаттаған Даниал Ахметов барлық мамандар мен қызметкерлерді соңына дейін шыдамдылық танытуға шақырып, еңбектеріне табыс тіледі. Осылайша 11 жерлесіміз аталмыш марапатқа ие болды.

Атап айтсақ: «Мұқаш» шаруа қожалығының басшысы Нұржихан Абдрахманова, Семей жедел жәрдем стансасының фельдшері, эвакуациялық бригада мүшесі Сергей Онников, ШҚО Полиция департаменті патрульдік полициясы рота қызметінің инспекторы Тілек Дүрмекпаев, республикалық «Астана» телеарнасының меншікті тілшісі Ирина Якунина, Семейдегі «ВК РЭК» АҚ электр желісінің маманы Бейбіт Көпжасаров, «Уба» санаторийінің бас аспазы Наталья Колмагорова, Семейдегі материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің командирі Архат Ермұхамедов. Алайда коронавирусқа қарсы тұруда аянбай еңбек еткен тек дәрігерлер ғана емес, блокбекеттердегі тәртіпті қадағалаған құқық қорғау қызметкерлері мен әскерилердің де өлшеусіз еңбегін айта кеткен жөн.