ШҚО-да келесі жылы кәсіпкерлік гранттардың жартысы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға бөлінбек

187
көрілім
Фотосурет gov.kz сайтынан

Бүгінгі таңда «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында гранттардың 30%-ға жуығы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға бөлінеді. Көпбалалы отбасылар мәселелері жөніндегі комиссия отырысы барысында облыс әкімі Даниал Ахметов қалалар мен аудан әкімдіктеріне бұл көрсеткішті 50%-ға дейін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша 676 млн.теңгенің 1214 гранты берілсе, көпбалалы отбасыларға 256,7 млн. теңге сомасына 462 грант бөлінді (барлық берілгендердің санынан 38%), оның ішінде АӘК алушылар – 139,5 млн. теңгеге 251 адам құжат рәсімдеді.

– Қалалар мен аудан әкімдіктері аудандық комиссиялармен бірлесіп, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға мемлекеттік грант беру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуі тиіс. Бұл өте маңызды және бастысы. Қазір біз 30%-ға жеттік, бірақ менің ойымша, келесі жылға қарай бұл көрсеткіш 50% – дан кем болмауы тиіс, – деп атап өтті Даниал Ахметов.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сұлтанованың айтуынша, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар несие бойынша қарыздарына қарамастан грант ала алады.

Атқарушылық іс жүргізу туралы заң шеңберінде сот орындаушылары, сондай-ақ ҚР-дағы банктік қызметке сәйкес екінші деңгейдегі банктер мемлекеттік жәрдемақылар шоттарынан басқа, борышкерлердің шоттарына тыйым салуды болдырмауы мүмкін. Осыған байланысты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Қазпошта» АҚ филиалы мемлекеттік гранттар мен қаражатты әлеуметтік карталық шоттарға – ID – карталарға аудару туралы келісімге қол жеткізді.

– Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген кезде оларға «Қазпоштада» шот ашу ұсынылады. Отбасына грант алуға растау келіп түскеннен кейін, жұмыспен қамту орталығы ақшаны нормативтік құжаттар шеңберінде бұғаттауға жатпайтын шотқа жібереді. Бұдан басқа, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Әділет басқармасымен бірлесіп көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан түскен өтініштерді қарап, туындаған барлық мәселелерді жедел шешу мақсатында меморандум жасасты. Сондай-ақ кеңес беру және сараптамалық көмек көрсету үшін Өскемен, Семей қалаларында "Жанұя" орталықтары құрылды, – деп атап өтті Айнұр Сұлтанова.