ШҚО-да кәмелеттік жасқа толмағандар арасында тонау қылмысы жиі тіркелген

577
көрілім
Шартты фотосурет

Бұл жайында Өскемендегі ШҚО №1 кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының міндетін атқарушы Сәния Тұтқанбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

2021 жылдың алғашқы үш айының қорытындысына сәйкес азаматтық қылмыс бойынша 117 іс қаралған. Яғни балалардың тұрғылықты жерін анықтау, оларды асырап алу, ата-ана құқығын сақтау, я болмаса айыру сынды жайттар сот төрағалығының күн тәртібіне қойылды.

– Отбасында түрлі жағдайлар болуы кәдік. Бауыр еті баласына қол көтеру, құқығының тапталуы, ата-аналардың ұрыс-керісі – мұның барлығы кәмелеттік жасқа толмағандардың психологиясын бұзады. Азаматтық істерді қарау кезінде осындай мәселелерді бақылауға алып, отбасындағы жылы қарым-қатынастың сақталуын, ішімдікке салыну жағдайларын азайту жұмыстарына мән беріледі, – деді Сәния Мүтанқызы.

Жыл басталғалы әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 92 іс қаралған. Атап айтсақ, кәмелет жасына толмағандардың түнгі уақытта, яғни сағат 23:00-ден таңғы 6:00-ға дейін ата-анасының немесе ересектердің қарауынсыз жүруі, темекі, ішімдік сату жағдайлары және тағы басқалары. Бір айта кетерлігі, биылғы үш айдың статистикалық мәліметіне сәйкес келіп түскен қылмыстық істердің саны былтырғымен салыстырғанда 24-ке азайған. Жыл басталғалы тоғыз үкім шығарылып, екі жақ тараптың келісіміне қарай үшеуі тоқтатылды.

– Жиі тіркелетін қылмыстар тонау жағдайларымен байланысты. Жасөспірімдер түрлі ойлардың жетегімен телефон ұрлап жатады. Одан бөлек, ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-бабына (Денсаулыққа қасақана зиян келтіру) сәйкес қаралатын қылмыстар, төбелес, қыздарды қызғану сынды жайттар да тіркелуде. Тіпті осындай сәттердің соңы бір-бірлеріне пышақ сілтеп, ауыр қылмысқа дейін әкеліп жатады, – деді төраға міндетін атқарушы.