ШҚО-да кенелер шабуылға шығып жатыр

282
көрілім

Шығыс Қазақстан аумағы бойынша бірнеше аудан мен қала кене энцефалитінің ошағы саналып отыр. Бұл туралы ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында кеңінен айтылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Нақты қай жерлер екеніне ШҚО тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің бас маманы Әлия Оспанова тоқталып өтті. Оның айтуынша, кене энцефалитінің табиғи ошағы ретінде Өскемен, Риддер, Алтай қалалары, Катонқарағай, Шемонаиха, Ұлан, сонымен қатар Глубокое аудандары тіркелген.

– Республика көлемінде кененің қаптап тұрған жері деп Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарын айтуға болады. Неге десеңіздер, бұл жақтар таулы аймақта орналасқан. Соған орай қауіпті жәндіктің адамдарға келтірер зияны да жоғары. Негізі кенелер мамыр, маусым, шілде және тамыз айларында аса белсенді. Биыл ауа-райының қолайлы болуынан сәуір айында бір адамды шағып, денсаулығына қауіп келтірді, – дейді Әлия Оспанова.

Мамандар алдымен кене энцефалитін алдын алуға шақырды. Ең бірінші, жеңі, балағы ұзын киімдер киіп, үнемі бас киіммен жүру керек. Себебі кенелер дененің терісі жұқа жерлеріне әуес келеді екен. Мүмкіндігінше иіс су, әтір немесе қыздар жиі пайдаланатын парфюмериялық заттарды қолданса, жәндік химиялық иістен іргесін аулақ салады. Егер сізді кене шағып алса, алғашқы үш күн ішінде жақын жердегі дәрігерге қаралуыңыз керек. Одан ары тағы жиырма күндей ақ халаттылардың бақылауында болып, қан қысымын қадағалап отырған жөн. Кенелер боррелиоз, туляремия сияқты сырқаттарға да шалдықтыруы мүмкін.

Әділхан ЕСІМХАНОВ