ШҚО-да кәсіпкерден ақша бопсалаған қылмыстық топ мүшесі ұсталды

472
көрілім

Өңір полицейлері бопсалаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесінің құқыққа қайшы әрекеттерін болдырмау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Полиция департаментінің жедел уәкілдеріне бұған дейін бірнеше мәрте сотталған облыс орталығының 31 жастағы тұрғыны қыркүйек айының басынан шаруа қожалығының иесін қорқытып, 30 млн теңге көлемінде ақша бопсалап жүргені туралы ақпарат түскен.

Арнайы бөлімшелердің жедел іс-шаралар жүргізу нәтижесінде күдікті ақшаны алған сәтте қожалық аумағында қолға түсті. Тінту барысында оның заңсыз әрекеттерін растайтын заттай дәлелдемелер алынды.

 - Қазіргі уақытта күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Оның әрекеттері 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жаза ҚР ҚК-нің 194-бабы 4-бөлігі (қорқытып алу) бойынша қаралады, - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.

Ведомствода шағын және орта бизнесті қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тұрақты бақылауда екенін атап өтті.