ШҚО-да кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу конкурстарының тамыр-таныс арқылы өтетіндігіне наразы

485
көрілім

Бұл туралы ШҚО Кәсіпкерлер палатасында өткен жиында айтылды. Жеке кәсіпкерлер бірнеше жылдан бері жарияланған конкурстың әділетсіз өткізіліп келе жатқандығын алға тартты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алдымен ШҚО мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасына наразылығын қарша боратқан «Жол-құрылыс басқармасы» ЖШС директоры Александр Федосов 2017 жылдан бері мемлекеттік сатып алу кезінде қала әкімдігі тамыр-таныстарды тағайындап, жарияланған конкурстар әділетсіз өткізіліп келетіндігін жеткізді.

– Мемлекеттік сатып алу туралы Заңнаманың 4-бабы 1-бөлігінде «мемлекеттік сатып алу кезінде бөлінген қаражатты тиімді әрі орынды қолдану» деп анық жазылған. Конкурс жариялаудағы жауапкершілік, әділеттілік сынды қағидалар Заңнаманың ажырамас бөлігі іспетті. Алайда шамамен 2018 жылдан бастап облыс бойынша өткізілген конкурстардың барлығы бір дереккөзден берілуде. Болып жатқан заңсыздықтарды ескере келе барлық қаражат шенеуніктердің қалтасына кететіндігін де білеміз. Шынымды айтсам, екі-үш жылдың жүзі болды, ұдайы құқық қорғау органдарына шағымданумен келемін. Ғайыптан пайда болған «Взывпром» ЖШС қанша жерден заңсыздықтарға жол берсе де өткізілетін конкурстарда асығы алшысынан түсіп келеді. Оның кемшін тұстарын өзімнің заңгеріммен бірлесе әшкере еткен едік, – дейді ЖШС директоры.

Александр Федосовтың құзырлы орган өкілдеріне жеткізген шағымында өзінің жұмысы заң жүзінде әрі тиянақты болғандығының өзінде пара алушылық бойынша айыпталып, құзырлы орган тарапынан қысым көргендігін жасырмады. Айтуынша, тапсырыс беруші М.Әуезов даңғылында кеңейту жұмыстарын жүргізуге бөлінген 360 млн теңге қаржының 180 млн теңгесін катонқарағайлық мердігер компанияға беруін өтініп, жүктелген жұмысты қолындағы қалған ақшамен аяқтауды тапсырған. Серіктестік директоры өз жұмысын уақтылы орындағанмен, кейін «36 млн теңге пара алды» деп айыпталыпты. Мәлім болғандай, ақыр түбінде А.Федосов атқарған жұмыс толықтай заң аясында жүзеге асырылған. Одан бөлек, ЖШС директоры заңнамаға сәйкес өткізілуі тиіс конкурстарға аяқ асты қатысып, жеңіп шығатын мердігер ұйымдардың таныс арқылы шаруаның бір шетін ұстағандықтарын алға тартып, айтқанынан қайтпады. Түрлі себептермен сәтсіздіктерге ұшыраған өзге де кәсіпкерлер бұйымтайларын лек-легімен жеткізді. Алайда ШҚО Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы басшысының орынбасары Рустам Байрбековтың айтуынша, конкурсты үнемі бір фирманың ұтып алу жағдайлары бүгінге дейін тіркелмеген. Әлеуетті тапсырыс берушілердің барлығына бірдей мүмкіндік берілетін көрінеді.

– Барлығы заң жүзінде орындалады. Мемлекет басшысы «Төтенше жағдай туралы» арнайы тәртібін енгізген болатын. Ол жерде мемлекеттік сатып алудың барлық критерийлері анық жазылған. Арнайы бақылау органдары да олқылық жібермеуді бақылауға алған. Бізге наразылықтарын жеткізген кәсіпкерлер конкурсты ұта алмау салдарынан шағымданулары мүмкін, – деді Рустам Байрбеков.