ШҚО-да Көкпекті мен Катонқарағай аудандарын жалғайтын паром жұмысын бастайды

1660
көрілім

Мамыр айының 14 жұлдызынан бастап Катонқарағай және Көкпекті аудандарының арасын жалғайтын Бұқтырма суқоймасының Васильев өткеліндегі «Одесса» паромы жұмысын бастайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл жөнінде сайт тілшісіне Катонқарағай ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожин айтып берді.

– Аталмыш паром өткелі Катонқарағай ауданына жол тартатын жолаушылардың жолын қысқартпаса да, Шығыс өңірінің сұлу табиғатын тамашалағысы келетіндер үшін таптырмас бағыт екені рас, – дейді Ахметқали Ахашұлы. – Жылда мамыр мерекелері қарсаңында ашылып қоятын паром бұл жолы біраз күнге кешеуілдеді. Дегенмен, жол мұратын мақсат ететін жолаушылар үшін аздаған қуанышты жаңалығымыз да жоқ емес. Яғни, биылдан бастап аталмыш паром өткелінің Катонқарағай ауданы жағындағы айлағы абаттандырылады. Атап айтсақ, шығаберіс жол асфальтталып, дәретханасы дұрысталады, сондай-ақ, туристер үшін жолнұсқау болатын аудан картасы орнатылып, су жағасы көркейтіледі.

Аудан әкімінің айтуынша, аталмыш шараларға аудандық бюджеттен 5 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылса, Жәнібек Елеусізов есімді жергілікті кәсіпкер 7 миллион теңге өз қаражатын бөлген екен. Осылайша, қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары басталып кеткен паром айлағы біраз күндерде бір қалыпқа келіп қалатын көрінеді.

Облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ресми сайтынан алынған «Одесса» паромының жұмыс кестесін ұсынамыз:

Оң жақ жағалау Сол жақ жағалау
Катонқарағай ауданы Көкпекті ауданы
7.40 8.00
9.00 10.00
11.00 12.00
13.00 14.00
15.00 16.00
17.00 18.00
19.00 20.00
21.00 22.00

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ