ШҚО-да көпбалалы аналарға шағын несие беру мүмкіндіктері қарастырылуда

362
көрілім

Өңірде көпбалалы отбасы мүшелеріне мемлекеттік қолдау көрсету мақсатымен кәсіпкерлікке баулу, сонымен қатар гранттар мен шағын несиелер беру мәселесіне ден қойылып келеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шұрманов облыс әкімдігінде өткен жиында бұқаралық кәсіпкерлік пен тиімді жұмыспен қамтылу мәселесіне кеңінен тоқталды. Айтуынша, дамудың екінші бағыты саналатын «Еңбек» жобасы аясында кәсіпкерлікті дамытуды ойлағандар Кәсіпкерлер палатасына барып жұмыспен қамту орталығы берген бағыт бойынша білім алуларына болады.

– Осы жылы «Бизнес Бастау» жобасы бойынша Кәсіпкерлер палатасында 1400-ден астам адам арнайы оқу курсынан өтті. Оның ішінде 125-і – көпбалалы отбасы мүшелері. Одан бөлек, аз қамтылған және еңбекке жарамды көпбалалы отбасынан шыққан жастарды да осы жұмысқа тарту жүзеге асырылуда. Қазір «Еңбек» жобасы бойынша кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттік қолдауға ие болу үшін 115 көпбалалы отбасының жобалары мақұлданды. Оның жалпы құны 143 млн. теңгеден астам соманы құрайды, – деді Ержан Айткенұлы.

Сондай-ақ жауапты тұлға кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында екі жоба жуырда Өскеменде өткен «Қазақстанның үздік тауары – 2019» көрме-жәрмеңкесіне қатысқанын да тілге тиек етті. Курчатов қаласында 5,7 млн. теңге көлемінде көпбалалы аналарға арналған жоба қолдау тапқан. Өз кезегінде аймақ басшысы Даниал Ахметов аталған нәтижеге оң бағасын беріп, жүйелі жұмысты одан ары жалғастыруға тапсырма берді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ