ШҚО-да коронавирустың өршуіне не себеп?

70
көрілім

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында «COVID-2019» ауруының аймақта тез таралу себептері сөз етілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Тұңғышбаевтың айтуынша, вирустың бірінші толқынында өңірдегі эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда болуына байланыст аурудың өршуі күтілген жағдай болыпты. Қазір халықтың жаппай инфекция жұқтыруы тіркелуде. Жауапты тұлға мұның үш себебі бар екендігін мәлімдеді.

– Біріншіден, климаттық жағдайларды, аймақтың географиялық жағдайын ескеру қажет. «COVID-2019» вирусы тұмау сияқты дәл осы уақытта ауа – райы жағдайында тез таралып, белсенді түрде көбейе түседі, - деді Талғат Тұңғышбаев. Келесі себеп – өңір тұрғындары мен кәсіпкерлік субъектілерінің эпидемияға қарсы шектеу шараларын сақтамауы.

Сондай-ақ Талғат Тұңғышбаев сырқаттанғандар санының өсуіне халықтың көшіп-қонуы да әсер етіп отыр дейді.

- Көрші мемлекеттердің шекаралас аудандарында жалпы жағдай өте қолайсыз, қауіпті індеттің өршуі байқалады. Сонымен қатар Ресей Федерациясымен арадағы тоқтаусыз жолаушылар тасымалы мен жүк көліктерінің қозғалысын да ескерген жөн. Сондықтан вирустың кеңінен таралуына халықтың көшіп–қону қажеттілігі де көбірек әсер етуде, - дейді Талғат Тұңғышбаев.

Жалпы, 2020 жылдың 17 қарашасындағы жағдай бойынша бір тәулік ішінде КВИ-дің 230 жаңа жағдайы тіркелді. Коронавиру инфекциясының ПТР әдісімен расталған нәтижелері бойынша 16 қала мен аудан тұрғындарынан оң нәтижелер анықталды.

Талғат Тұңғышбаев өңірде енгізілген карантиндік шектеу шаралары ең алдымен ауыр науқастар санының артуын бәсеңдету және денсаулық сақтау жүйесі ауырғандардың ағымына төтеп бере алуы үшін аурулар санын бәсеңдетуге бағытталғанын атап өтті.

- Инфекцияның таралу жылдамдығын тежеу үшін қабылданатын шаралардың тиімділігі әрқайсымызға тікелей байланысты. Сондықтан да шектеу және өзін-өзі оқшаулау режимін сақтау арқылы инфекцияның таралу тізбегін бұзуға мүмкіндік беретін алдын алу шараларын жалғастыру өте маңызды, – деді ШҚО бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы.