Алакөлдегі демалушылар бір түн бойы аралда қалып қойған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Кішісі бар, үлкені бар 10 адам 18 шақырым жердегі Аралтөбе аралында жағаға жете алмай қалды. Қатты соққан дауыл моторлы катермен келген қонақтарға кері қайтуға тосқауыл болған. Амалсыздан демалушылар құтқарушыларға қоңырау шалып, көмекке шақырды.
– Қоңырау түнгі 10-да түсті. Бұл уақытта ауа райы тұрақталмаған еді. Сондықтан көлге шығу қауіпті болды. Бірақ дауыл тоқтаған сәтте бірден көлге шығып, таңғы бесте адамдарды аралдан тауып алдық. Ешқайсысы медициналық көмекке зәру болмады, – деді 6-жедел құтқарушылар отрядының басшысы Нұржан Бажаков.
Құтқарылғандар екі қайықпен қауіпсіз жерге жеткізілді.
Айта кетсек, суға түсу маусымы басталғаннан бері ШҚО ТЖД қызметкерлері 23 адамды құтқарған.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ