ШҚО-да мал ұрлығымен айналысқан ер адам ұсталды

6864
көрілім

Шаруа қожалығының басшысы Жарма аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне өрістен екі бас жылқысын ұрлап кеткені туралы арызданған. Жедел-іздестіру шаралары кезінде аталған қылмысты жасауға күдікті ретінде 51 жастағы бұрын сотты болған Жарма ауданының тұрғыны анықталған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Арнайы іс-шаралар жүргізу барысында ұрланған малдың етін автокөлікке тиеп, Семей қаласына бағыт алған күдіктіні полиция қызметкерлері тез арада құрықтады.

Тергеу амалдары кезінде күдікті мал бағушы болып жұмыс істеп жүріп, оған сеніп тапсырылған шаруа қожалығының малдарын жайып жүргенде ешкімнің бақылап жүрмегенін аңғарады. Осыдан барып ол екі бас жылқыны орманға айдап апарып, біреуін сойып, тушасын базарға апарып сату үшін Семей қаласына апара жатқаны анықталды,- деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізу кезінде ұсталған азаматтың тағы бір мал ұрлығына қатыстылығы анықталды. Бұл жолы қыркүйек айының басында көршілес шаруа қожалығынан жалпы құны жарты миллионға бағаланған екі бас ірі қара малын қолды қылған.

Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 188-1 бабы (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктінің облыс аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.