ШҚО-да Марат Қабанбайдың 75 жылдық мерейтойына орай байқау жарияланды

849
көрілім

Балалар жазушысы Марат Қабанбайдың 75 жылдық мерейтойына орай оқушылар арасында облыстық әдеби шығармашылық байқау жарияланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана ұйымдастырып отырған байқаудың мақсаты – Марат Қабанбайдың шығармашылық мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың кітап оқуға деген құштарлығын ояту. Байқауға 7-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатыса алады.

– Жазушы жерлесіміз Марат Қабанбайдың өмірі және әдеби мұрасы бойынша қазақ және орыс тілінде орындалған шығармашылық жұмыстар қабылданады, атап айтқанда бейнероликтер, анимация, комикс, сөзжұмбақ, интерактивті онлайн-ойындар, буктрейлер, иллюстрация. Байқауға ұсынған жұмысты  #MaratKabanbay75baikau, #bokeykitaphanasy хештегімен әлеуметтік желілерге салу және кітапхана поштасына ukcbs@mail.ru жолдау қажет. Сондай-ақ кітапхананың Instagram - @bokeykitaphanasy, TikTok желісіндегі - ukcbs парақшаларына жазылу керек, – делінген кітапхана қызметкерлері таратқан ақпаратта.

Қатысушы өзінің аты-жөнін, тұрғылықты мекенжайын, мектебін, сыныбын, электронды мекенжайы мен телефон нөмірін қалдыруы тиіс. Орындаған жұмысына тақырып қойып, жазушының қай шығармасы бойынша орындағанын көрсетуі қажет. Байқауға жұмыстарды қабылдау 2023 жылдың 1 наурызында аяқталады. Жеңімпаздарды марапаттау 15 наурызда Марат Қабанбайдың 75 жылдық мерейтойы қарсаңында өтеді.