ШҚО-да мектеп бітіруші түлекті ҰБТ тапсырар алдында әскерге алып кеткен

721
көрілім
Шартты фотосурет

Көпшілікке таныс жағдай болар. Орта білім алған соң бозбала ендігі институтқа түсіп, Төтенше жағдай қызметіне тұрсам деген оймен жүрген еді. Алайда ұлттық бірыңғай тестілеуге санаулы күндер қалғанда облыстық жиын пунктіне шақырып, артынша еш ескертусіз әскер қатарына алып кетеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тағы бір оқиға
Дастан Асылжанов (осы жерде және әрі қарай кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілген) – мектеп бітіруші түлек. Тоғызыншы сынып оқып жүргенде ТЖ қызметінің қатарын толтыруды мақсат етіп, соның оқуына түссем дейтін. Содан бері арманына асық бозбала екі жыл бойы өзге ешнәрсеге елең қылмай, дене шынықтыру тұрғысынан әзірлігін күшейтумен болды. Көкшетау қаласындағы ҚР ІІМ техникалық институтына оқуға түсу үшін дене шынықтыру дайындығы тестілеуін тапсырып, өзін ұдайы дайындаумен болды. Дастанның жаттығуларды ойдағыдай орындауына Бекзат Алтынбеков жетекшіліп жасап, көмектескен болатын.
– Дастан ҰБТ тапсырып үлгермей қалды. Жауапты емтиханға бір апта қалғанда әскери комиссариатқа шақырып, ол жерге анасымен барды. Сосын медкомиссиядан өтуін талап етті. Осы реттегі қоластымда жаттығуын жалғастырып жүрген бозбала ҚР ІІМ Көкшетаудағы арнайы оқу орнына түскісі келетінін, соған қажетті құжаттар, есептен шығып, оқуға түсу үшін тиісті анықтамалар жинап жүргенін жеткізген, – дейді Бекзат Алтынбеков. – Оған жауап ретінде сол жердегілер Дастанға бір құжаттарға қол қойып, Глубокое ауданында медкомиссиядан өтуін сұраған.
Бекзат Мақсатұлының нұсқасына сүйенсек, Дастан медициналық тексерістен өткен. Ал медкомисся мектеп бітірген бозбаланың денсаулығында бәрі дұрыс екендігін айтып, облыс орталығына жібереді. Жағдайдың бақылаудан шығып бара жатқанын аңғарған Дастан бірден жетекшісіне хабар беріп, іле Бекзат Алтынбеков мән-жайды біліп көрмек болады.
– Әскери комиссариатқа хабарласып едім, ондағылар «егер мектеп бітіріп, медициналық тексеріс нәтижесінде денсаулығы жарамды болса онда әскерге алып кетуге толықтай құқылы» екендіктерін жеткізді. Оларға менің жетекшілігімдегі мектеп бітірушінің әскери училищеге түсіп, сол жерден офицер шенін алатынын түсіндіріп бақтым. Жауап ретінде: «Облыстық медкомиссиядан өтіп алыңыздар, сосын көре жатармыз» деді, – дейді Бекзат Мақсатұлы.
Сондай-ақ жетекшісінің айтуынша, сөйлескеннен кейін аз уақыттан соң Дастанды үйінен алып кетіп, медкомиссиядан өтуге облыс орталығына жібереді. Әдеттегідей, алдымен ұялы телефонын алып алады. Болып жатқан тосын жайттан ата-анасы бейхабар, ал ұлының әскерге шақыртылғанын соңғы сәтте ғана білген.
Бекзат Алтынбековтың сөзіне сенсек, Дастан Асылжанов қысқа мерзімді әскери борышын өтеуге жіберілгендіктен ҰБТ тапсырып та үлгермеді.
Подполковник хабарламасынан
Жалпы, мақала кейіпкерінің басына түскен жайт өңірде тіркелген алғашқы жағдай емес екендігін ескерсек, аталған мәселенің көңілге күдік түсіретіні рас. Осыған дейін телефон арқылы қоңырау шалып, енді болмағанда әскерге жіберілгелі тұрған жігіт жайлы жазған едік. Нақты айтсақ, әскерге жарамсыз екендігі жазылған анықтамасы бар Алмас Қадыровты диплом алуға бес күн қалғанда әскерге жібермек болады. Тіпті соңғы сәттегі шұғыл әрекеттер болмағанда Ұлттық ұланның қатарын толықтыратын еді. Одан бөлек, Мирас есімді бозбала есептен шығу туралы құжатқа қол қойдырып жүргенде ойламаған жерден әскерге шақырылады.
Өскемен қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы, подполковник М.Садықовтың хабарламасына сәйкес пандемия салдарынан әскерге шақырту мерзіміне өзгерістер енгізілген.
– ҚР Президентінің 2020 жылдың 30 сәуіріндегі №312 Жарлығына сәйкес азаматтарды қысқа мерзімді әскери борышын өтеу мерзімі маусым айынан тамызға дейін созылды. Ал «Неліктен?» деп сұрағандарға «республика көлемінде Төтенше жағдай енгізілгендіктен медициналық комиссия ның жұмысы тоқтатылған» делінген хабарламада.
Десе де жұқпалы індеттің өршуіне байланысты әскерге шақыртудың талабы күшейді немесе өзгерді деген болжам ШҚО Қорғаныс істері Департаментінде расталмады.
– Азаматтарды қысқа мерзімді борышын өтеуге шақыруды хабардар ету тұрғылықты жері, оқу немесе жұмыс орны бойынша Қорғаныс істері бөлімдері жергілікті органдарының лауазымды тұлғалары повестка жіберу арқылы жүзеге асырылады, – делінген хабарламда.
Департаменттегілер әскерге шақырылушыға есептен шығу құжатын толтырып жүргенде қандай да бір ескертусіз шақырту қағазын беру оқу жағдайы бойынша кейінге шегеру қағазының жоғалып қалуына қарай заңды болып саналатындығын алға тартты.
Ал білімін жалғастырушыларға кейінге қалдыру анықтамасы берілу керек пе деген сұраққа мынадай жауап берді:
– Азаматтар оқуды жалғастыру бойынша кейінге қалдыру қағазын тек оқып жатқан кезде ғана ала алады, – дейді ШҚО Қорғаныс істері департаментіндегілер. – Кейінге қалдыру қағазы орта білім және техникалық мамандық, жалпы орта білім алғаннан кейін немесе күндізгі бөлімде жоғары білім алып жатқандар, сондай ЖОО-дан кейін білімін жалғастырушыларға беріледі.
Осы ретте әскерге шақырылушыға білімін жалғастыру үшін кейінге қалдыру қағазы өзі білім алып жатқан ұйымнан анықтама қағазы беріліп, аудандық, қалалық немесе облыстық әскерге шақыру комиссиясынан өткен соң берілетіндігін айта кетейік.  Артынша Қорғаныс істері басқармасы қазан айының 1-не дейін тиісті білім беру мекемесінен әскерге шақырылушының білім алып жатқандығын растайтын анықтама қағазын сұратады. Аталған анықтамалар жеке ісіне тігіледі.
– Әскерге шақырылушының Отан алдындағы борышын өтеуді кейінге қалдыру анықтамасын ресімдеу медициналық куәландырусыз әскери пунктке шақырылып барып жүзеге асырылады. Сол азаматтардың денсаулығы туралы анықтамасы әскерге шақыру пункті мен есептен шығарылуы бойынша медициналық куәландыру негізінде аудандық (қалалық немесе қала типтес елді мекен) әскерге шақыру хаттамасы кітабына енгізіледі, – деді ШҚО Қорғаныс істері Департаментіндегілер.
Түсініксіз жері сол, оқуын енді ғана тәмамдап немесе жалғастырғылары келген жастар қалайша әскерге шақырылды?
«Ұялы телефондары алынбайды»
Осыған дейін газет тілшісі жазған мақалаларда облыстық жиын пунктіне келгенде бозбалалардың телефондарын алып, жақындарына қоңырау шалуға мүмкіндік  берілмегендігі жайлы сәттер де кезіккен болатын. Осы ретте ШҚО Қорғаныс істері Департаментіндегілер жинақ пунктінде телефондары алынып қоймайтынын хабарлады.
 – Өзімен бірге жекебас гигиенасына арналған құралдар болуы керек. Облыстық жиын пунктінде ұялы телефондарды алынбайды, – деді құзырлы мекеме қызметкерлері.
Ал әскери борышын өтеуге аттанған бозбаланың қолында ештеме болмайды. Департаменттегілердің мұндайда әскерге шақырылушының жеке заттары оның ата-анасына немесе туысқандарына берілетіндігін айтады.
Алайда қазір күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ата-аналары мен жақындарының қатысуымен Отан алдындағы борышын өтеуге салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтпейді.
 – Әскери бөлімге жіберілген әскерге шақырылушыларға жолда талғажау етерлік рациондық тағамдар берілетіндіктен ешнәрсе беріп жіберудің қажеті жоқ, – делінген ведомствода.
Қателік қайдан кетті?
Осыған дейін жазылған Алмас Қадыров жайлы тағы бір мәрте сөз қозғауды жөн көрдік. Алмас медкомиссиядан өтіп жүргенде қолында 2017 жылы беліне екі рет ота жасалғандығы туралы анықтамасын ала келген болатын. Бұл жағдай оны әскери борышын өтеуден босатуы керек болатын. Десе де комиссия оның Отан алдындағы борышын өтеп келуі керек деген шешім шығарады.
 – Әскерге шақырылушының қолындағы медициналық анықтамалар маңызды құжат, оған баса мән берілуі тиіс, – делінген ведомствода. – Оның қысқа мерзімді әскери қызметін өтеуге жарамдылығы туралы шешімді комиссия мүшесі анықтайтын болады.
Сонда Алмастың жағдайында қай жерден олқылық кетті? Осы жағы әлі де беймәлім. Кейде осылайша әй-шайға қарамай әскер қатарына қабылдау кейін еліміздің Қарулы күштеріне деген жағымсыз пікір қалыптастырмай ма деген ойда қаламыз.