ШҚО-да «Мейірім нұры» атты рухани кеш өтті

348
көрілім

Облыс орталығында ҚМДБ-ның Өскемен аймағы өкілдігінің ұйымдастыруымен мәуліт мерекесіне арналған «Мейірім нұры» атты рухани кеш өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Салтанатты кешке облысымыздың әр өңірінен келген имамдар мен дін өкілдері қатысты.

– Осындай діни мерекелерімізді жоғары деңгейде өткізуіміздің өзі тәуелсіздігіміздің арқасы. Ертеде терезені қараңғылап тұрып намаз оқитын заман болған. Міне, бүгін әкімдіктің қолдауымен Мәуліт мерекесін атап өтіп отырмыз. Бүгінгі кеш жастарымызға таусылмас рухани азық болмақ, – дейді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының уағыз нәсихат және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Мансұр Батыржанов.

Кеш барысында көрерменге діни театрландырылған қойылымдар койылып, қос ішектің көмейінен күмбірлеген күй төгілді. Алыстан ат терлетіп келген «Алтын домбыра» иегері Балғынбек Имашев пен облысымыздың жас ақыны Қуаныш Еркінұлы өзара сөз сайысына түсті. Сонымен қоса ҚМДБ «Зекет» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен «Ел үлесі-пәтерге» акциясы аясында ұландық көпбалалы отбасыға баспана берілді.

Таунар ҚАЙРАТ