ШҚО-да мүмкіндігі шектеулі 60-қа жуық адам әлеуметтік қызмет порталын қолдана алады

335
көрілім

Жаңа жылдан бастап мүгедек жандар техникалық құралдар мен қызметтерге өздері тапсырыс бере алады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының ардагерлермен және ерекше қажеттіліктері бар адамдармен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Дина Байбутдинованың айтуынша, қазір өңір әлеуметтік қызметтер порталын енгізуге белсенді дайындалуда. Оның көмегімен арнайы құралдар мен қызметтерді алу айтарлықтай жеңілдемек.

– Мемлекеттік сатып алу қысқартылатындықтан порталмен жұмыс барынша ашық және оңтайлы болады. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігіне 50-ден астам техникалық оңалту құралдарын сатып алу, сондай-ақ санаторий-курорттық емдеу қызметтері, жеке көмекшінің, ым-ишара көмекшісінің қызметтері және арнайы әлеуметтік қызметтер жүктеледі. Тиісінше, жаңа жылдан бастап ерекше қажеттіліктері бар адамдар мемлекет кепілдік берген құралдар мен қызметтердің тізімінен өзіне ең қолайлысын таңдау мүмкіндігіне ие болады, – дейді Дина Байбутдинова.

Қосымша мобильді нұсқада да қолжетімді болмақ. Қызметті алу үшін, бірінші кезекте тіркелу қажет. Яғни жеткізушіні таңдаған соң өтінім қабылданып, тауар жеткізіледі. Осылайша процедура қысқа түрде өтеді. Мүмкіндігі шектеулі жанға жұмыспен қамту бөліміне, медициналық-әлеуметтік сараптамаға жүгінудің қажеті жоқ. Бұрын бұл рәсім сегіз айға дейін созылса, қазір небәрі 1-2 аптаға қысқарды.

Бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облысында 56 511 мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Оның ішінде көру қабілеті нашар - 8277 адам, жүріп-тұруы қиын - 13 707 адам, есту қабілеті нашар – 2050 адам бар.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік қызметтер порталы енгізіледі. Енгізу екі кезеңнен тұрады. Келер жылдың қаңтар айында портал арқылы арнайы әлеуметтік қызметтер жүргізіледі. Сонымен қатар қайта оңалтуға арналған техникалық құралдарды жекелей таңдау қажет етілмейтін қызметтер бар. Ал 2020 жылдың көктемінде портал санаторий-курорттық емдеу, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерін алу мүмкіндігін қарастырады.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ