ШҚО-да оқушылар үш бәйтерек әлеміне бойлап қайтты

326
көрілім

Жуықта Бесқарағай ауданында қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі атанған Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай «Қазақтың ақыны, жалынды жазушысы» атты әдеби - тарихи сағат өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өтіп жатқан бұл шара Бесқарағай аудандық Владимировка орта мектебінің оқушыларының қатысуымен өтті.

Шара барысында оқушыларға Сәкен Сейфуллин туралы түсірілген «Ұлт мақтанышы» және «Өмір жолы» атты деректі фильмдерден үзінді көрсетілді. Жазушының ең көлемді, тарихи-мемуарлық шығармасы «Тар жол, тайғақ кешу» романы туралы айтылды. Слайд арқылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфуллиннің мұражайы тамашаланды. Сонымен қатар «Тау ішінде» әнінің шығу тарихымен танысып, «Сыр сандық» поэзиясын тыңдады. Шара соңында «Үш бәйтерек» кітап көрмесіне шолу жасалды. Осылайша жас ұрпақ кешегі солақай саясаттың құрбаны болған үш бәйтеректің шығармашылығына терең бойлап, рухани қайнарынан сусындап қайтты.

Артына өшпес із қалдырған қаламгерлеріміздің рухани әлемі қазақ жастарына таусылмас қазына болмақ.

Таунар ҚАЙРАТ