ШҚО-да орман өрті 4 есеге өскен

276
көрілім

Биылғы жылдың басынан бастап өңірімізде тіркелген орман өртінің саны күрт өскен. Бұл жайлы ШҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізген облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Әбділов мәлімдеді.

Бүгінгі таңда аймақтағы орман өрті өткен жылғыдан 4 есеге өскен. Осыған орай облыстың түкпір-түкпірінен 251 ерікті өрт сөндіру жасағы құрылыпты. Алайда бұл жасақтардың дайындығы мен тәжірибесінің аздығы тілсіз жауды жедел сөндіруге мүмкіндік бермейтін көрінеді.

– Әсіресе Үржар, Бесқарағай, Зайсан аудандары мен Семей қаласында орман өрті жиі тіркелген. Соңғы 2 жылда өрт сөндіру көліктері мен жол таңдамайтын тракторларды сатып алуға 727 млн теңге жұмсалды. Жаңа техникалар әлі 6 өрт сөндіру бөліміне жетіспейді, – дейді Қанат Әбділов.

Оның айтуынша, сәуір айынан бастап орман өрттері спутник арқылы бақылануда. Ғарыштық мониторингтен алынған ақпарат бірден Төтенше жағдайлар департаментіне түсіп отырады екен.

– 2019 жылы Шығыс Қазақстанда өртке қарсы 14 бекініс пунктін салу жоспарлануда. Ал 2020 жылы осындай пункттердің саны тағы 15-ке көбеймек, – дейді Қанат Әбділов.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ