ШҚО-да орман өрті өршіп тұр

348
көрілім

Өскеменде облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің басшылығымен төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссияның онлайн-отырысы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәліметіне сүйенсек, өңірде 217 орман өрті тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырға 50,7%-ға артып отыр. Осының салдарынан 4699,01 гектар орман алқабы өртеніп кетті. Сондай-ақ облыс аумағында 7 дала өрті тіркелген.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында департамент жалпы саны 432 адамнан тұратын азаматтық қорғау, жергілікті полиция қызметі, орман шаруашылығы мекемелері және жергілікті атқарушы органдардың арасынан 70 бірлескен мобильді топ құрды. Мобильді топтар 601 рейд жүргізген.

Соның нәтижелері бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 135 жағдайы анықталды.

Онлайн-кездесудің екінші тақырыбы - өңірдің қыс мезгіліне дайындығы болды. Өңірде жыл сайын қалың қар мен көктайғаққа байланысты жолдарда қолайсыз жағдай қалыптасады.

Мәселен, өткен жылдың қыс мезгілінде облыстық маңызы бар жолдар 273 рет жабылған. 275 адам қар құрсауынан құтқарылып, 1168 адам эвакуацияланды. Төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету үшін жеке құрамнан 2273 адам мен 1100 техника жұмылдырылған.