ШҚО-да өрт сөндіру техникаларының саны артып келеді

271
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында өрт сөндіру техникаларының саны артуда. Бұл жайлы облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов айтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Өткен жылы өңірімізде 19 орман өрті орын алған. Бір өрттің орташа аумағы – 2,7 гектарды құрады. Мұрат Құсайыновтың мәлімдеуінше, биылғы жылдың басынан бері ормандарды екі рет тілсіз жау шарпыған.

2016 жылдан бастап орман өрттерін сөндіруге арналған техникалар мен жабдықтарды сатып алуға облыстық бюджеттен қаражат бөлінуде. Алғашқы жылы 15 шағын өрт сөндіру кешені салынған болатын. Ал 2017 жылы өрт сөндірушілер жол талғамайтын автокөліктерге, тракторлар мен жаңа патрульдік көліктерге қол жеткізді. Өткен маусымда Алтай ауданының орман шаруашылығына жаңа техника әкелінген.

– Республикадағы өрт сөндіру техникасы және жабдықтармен қамтамасыз етудің орташа деңгейі 78 пайыз, – дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, – Біз әзірге тек 63 пайыз деңгейіне жеттік. Алайда бұнымен тоқтап қалмаймыз. Жоспар бойынша биылғы жылы осы көрсеткішті 80 пайызға дейін көтермекпіз. Қазіргі уақытта қажетті қаржыны алу үшін бюджеттік өтінімді әзірлеп жатырмыз.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ