ШҚО-да отбасылық сайыс қатысушылары жеңісті Ольга Рыпаковаға арнады

361
көрілім

Бүгін Өскеменде «Шуақты шаңырақ» дәстүрлі отбасылық байқауы өтті. Көңілді старт жарысына ұзын-саны 12 отбасы қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталмыш шараға биыл Өскемен, Семей, Риддер қалаларынан, Алтай, Аягөз, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Ұлан, сондай-ақ Үржар аудандарынан келіп қатысты.

– Бұл сайыстың өткізіліп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Облыстық деңгейде ғана емес, аймақ көлемінде де жалғасын тауып келеді. Яғни алдымен жас отбасылар өздерінің аудандарында, болмаса қалаларында бақ сынайды. Іріктеуден іркілмей өткендері облыстық кезеңге қатысады. Басты мақсаты – жас отбасыларды қолдап, салауатты салтын ұстануға шақыру, – дейді облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова.

Отбасылар үш топқа бөлініп, жүлдегер атану үшін өз мүмкіндіктерін байқады. Қорытындысында, барлығы мадақтама қағаздары мен қаржылай сыйлықтарға ие болса, ең жас қатысушыларға ойыншықтар табыс етілді.

– Бұл сынға жұбайым, ұлым және қызыммен келдім. Байқау жайлы әріптестерімнен аяқасты естідім. Жеңімпаз атанғандықтан ғана жарыс көңілімнен шықты демеймін, – дейді риддерлік қатысушы Ольга Тищенко. – Себебі жаңа достар тауып, спортты серік еттік. Қазір жұрт қауырт жұмыспен қолдары тимей жүргенде, отбасы мүшелері емен-жарқын әңгімеле алмай жатады. Ал бұл додада сол олқылықтың орнын толтыруға толық мүмкіндік бар.

Айта кетейік, шара көркін қыздырған отбасылар жеңісті жуырда ғана Бүкіләлемдік әскерилер ойындарында топ жарған Ольга Рыпаковаға арнады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосурет: Виктор Абакумов