ШҚО-да өткен жылы 141 жемқорлық қылмысы тіркелді

314
көрілім

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша Департаментінің басшысы Ерлан Жалмағамбет мемлекеттік сатып алуда да түрлі былықтардың болмауы үшін мониторингтер жиі жүргізілгендігін жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ерлан Нағашбайұлы жиын барысында сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге бағытталған шараларға шолу жасап, нақты сандарға тоқталды.

- Былтыр 223 әкімшілік-тәжірибелік шара жүргізіліп, түрлі тәртіп бұзушылықтар анықталды. Айталық, жұмысқа тұру, білім беру, құрылыс саласы, жер учаскелерін бөлу және тағы басқалары. Соның ішінде, жемқорлыққа байланысты ауыр қылмыстар да тіркелді, - деді ол.

Бұдан бөлек, жауапты тұлғалар мемлекеттік сатып алуда да түрлі былықтардың болмауы үшін мониторингтер жиі жүргізілгендігін жеткізді. Осының нәтижесінде мемлекеттік органдар бюджеті 2,1 млрд теңгеге үнемделіпті.

Ерлан Нағашбайұлының сөзінше, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РММ филиалымен тізе қосып, «Сапалы жол» жобасы жүзеге асырылуда. Филиал өкілдерінің қатысуымен жергілікті маңызы бар жолдарда жөндеу жұмыстары кезінде 53 рет тексеріс жүргізілген. Осы шаралардың нәтижесінде 39 бұзушылық анықталып, жұмыстың басы-қасында жүргендер жауапқа тартылған көрінеді. Қызығы сол, агенттік өкілдері аймақтағы аудандарда да сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтау мақсатында мониторинг жүргізген. Дегенмен мамандар аудандардың атын-атап, түсін түстемеді.

– Жыл көлемінде әлеуметтік зерттеу шаралары белгілі бір мөлшерде жемісін берді. Бірқатар салаларда қылмыстың жолы кесіліп, тиісті шаралар дер кезінде қабылданды. Өткен жылды қорытындаласақ, сыбайлас жемқорлық қызметі 162 қылмыс анықтаған. Соның 141-і жемқорлыққа қатысты тіркелді, – деді Департамент басшысы.